Биыл қамау орындарындағы 50 педофил бостандыққа шықты. Олар кәмелет жасқа толмағандарды зорлаған. Бүгінде елдегі колонияларда 1 861 педофил жазасын өтеп жатыр, деп хабарлайды “Еуразия” бірінші арнасы телеарнасы. 

Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2021 жылы кәмелетке толмаған қазақстандықтарға қарсы құқық бұзушылықтар саны өсті. Педофилдердің әрекетінен қаңтардан сәуірге дейін 1 000 бүлдіршін зардап шеккен. Оларды зорлап, азғырып, өзіне қол жұмсауға итермелеген.

– Кейінгі бес жылда елімізде балаларға қатысты 3 893 зорлық дерегі тіркелген. 2016 жылмен салыстырғанда 2020 жылы кәмелетке толмағандарды зорлау 45,8 пайызға өскен. Қылмыстық-атқару органдарының орнына пробация қызметі құрылды, оның негізгі міндеті – сотталған адамды түзеу және қайта тәрбиелеу болған. Бірақ олар әлі бұрынғыдай жұмыс істеп жүр. Бұл істе ресмилік көп, – дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.  

– Бостандыққа шыққан қылмыскерлерге қатысты заңды қадағалаушы бекітіледі, оған соттың шешімімен бес жыл мен сегіз жыл аралығындағы уақыт беріледі. Олар құқыққорғау органдарының бақылауында болады, – дейді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс басқармасының бастығы Бибігүл Мұңайтпасова.

Ал сексолог Ирина Ким педофилдің өзгеруі мүмкін емес екенін айтады.   – Шынайы және жалған педофилия бар. Жалғаны ешқалай емделмейді, оны ешкім ұстап қала алмайды. Оны емдеу екіталай, себебі ол психопатология.

Адамдарды осындай парафилиядан қорғап қалудың жалғыз жолы – химиялық кастрация, – дейді Ирина Ким.   Биыл бостандыққа шыққан 50 педофилдің қаншауына химиялық кастрация жасалғаны әзірге белгісіз. 

www.oinet.kz

 

Рубрика: