18 апреля, 2019 Comments Off on “Эксперимент жасайтын малмыз ба?”: Нұр-Сұлтан тұрғыны ине сала алмаған медбикеге ашуланды

“Эксперимент жасайтын малмыз ба?”: Нұр-Сұлтан тұрғыны ине сала алмаған медбикеге ашуланды

Елордадағы №7 қалалық емханаға барған тұрғын шағымын айтты. Оның сөзінше, қолынан қан алмақ болған медбике тамырды таба алмай, ақыры қан тамырын жарып жіберіпті, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Facebook желісінде жазды.

Қала тұрғынының айтуынша, емханада қолынан қан алмақ болған жас медбике оның тамырын таба алмаған. Бұнан кейін әйел инені алып тастауын сұрапты. Артынша медбике оны басқа кабинетке жіберіп, сол жерде "кәсіби мамандар" отыратынын айтқан.

"№7 қалалық емхананың 204-кабинетіндегі жас қыз көрініп тұрған тамырдан қан ала алмай, инесін әрі ырғап, бері ырғап, "ауырды" деген соң екінші қолға салды. Ол қолда да дәл солай жанды қинап жіберген соң "Инеңізді алыңызшы" деп жыларман болдым. "302-кабинетке барыңыз. Ол жақта кәсіби мамандар отыр" деді. Мен "Бұл кабинеттегілер кәсіби маман емес пе?" деп сұрадым. Ол "Сол жаққа барыңыз» деп қанша сағат отырған кезегім әдірам қалып, үстіңгі қабатқа көтерілдім. Шынымен 302-де кәсіби мамандар екен. Жаңағы қыздың шұқыған жерлеріндегі тамыр жарамсыз, жарып жіберген. Қан атқақтай беріп еді, мақта салып, скотчтап тастады. Қанды қолдың өзінен алды. Енді жарылған қан тамырдың орны қатты ауырып тұр", – деп жазған елордалық тұрғын.

Мұнан кейін әйел емхана басшысының орынбасарына барып, өтінішін айтқан. Ол тәжірибесіз адамдарды мұндай маңызды орындарға қоймауын сұрапты. Өз кезегінде басшының орынбасары шара қабылдауға уәде еткен.

 

"Енді, оған да үйрену керек қой!" деген сөздері қызық екен. Біз эксперимент жасайтын малмыз ба? Оның бәрін оқу орнының қабырғасында жүргенде игеру керек еді. Сосын, экспериментті әке-шешесіне жасасын! Осындай колледж бітіріп келіп үйренгіштер адам өміріне қауіп төндіреді. Оған куә – Шымкенттегі қайнаған сумен бір жастағы балаға жасалған клизма", - деп ренішін жеткізді әйел.

Астана қаласы №7 емхананың бас дәрігері желі қолданушысы Кенжегүл Темірбайқызының сөзін растады. Жағдайға айыпты болған медбикеге қатысты да шара қолданылғанын айтты. 

"Мұндай жағдай бізде болғаны рас. Жас медбикеге қатысты да міндетті түрде шара қолданатын боламыз", - деп қысқа қайырды бас дәрігер Айгүл Шалабайқызы. 

 Stan.kz 

Загрузка...

Комментирование закрыто.