13 апреля, 2019 Comments Off on Екі президентке бір арыз: Анамның қайтыс болғанын дәлелдей алмай жүрмін

Екі президентке бір арыз: Анамның қайтыс болғанын дәлелдей алмай жүрмін

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА

Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕККЕ

Ашық хат

Жазған хатымды поштамен жіберсем, канцелярия арқылы кері қайтатынын білгендіктен  баспасөз бетіндегі арызыма мән беріп, мәселем шешілер деген үмітпен қолыма қалам алдым. Бұл хат қаламымды көз жасыма суарып отырып жазылды. Мұқият оқып, шешім қабылдауды өтінемін.

Екі президентке бір арыз: Анамның қайтыс болғанын дәлелдей алмай жүрмін

Менің анам физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Алтын адам жазуын отыз жыл бойы зерттеп, күміс зереншедегі жазуының құпиясын ашқан ғалым Мағрипа Шөжеғұлқызы ЖЫЛҚЫБАЕВА биыл ақпанның 24-жұлдызында жетпіс төртке қараған шағында сағат 1115 шамасында көз жұмды. Шақырылған жедел-жәрдем 1130-да жетті. Дәрігер А.Б.Тажикова мен фельдшер З.Б.Аскарбаева мәйітті тексеріп, дабыл парағына диагноз жазып, қолыма ұстатып кете барды. Артынан жергілікті мекен-жай бойынша  учаскелік полициядан аға лейтенант Б.Куантаевпен бірге бір топ маман келіп, мәйітті тексеріп, суретке түсіріп, өз ажалынан қайтыс болғанын растайтын хаттама толтырды. №3 емханадан анамның қайтыс болғаны туралы анықтама қағазын алу керектігін айтты. Сол сәтте ауылдан Б.Балаев бастаған ел ағалары келіп, басқосу өткізіп, жаназа мәселесін талқылады да,  анамды өзінің туған жері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылына жерлеу туралы шешім шығарды. Мен басқа да туған-туыспен бірге жедел ауылға аттандым.

25 ақпан сағат 1300-де ауылдағы атамыздың үйінен анамды ақтық сапарға шығару рәсімі өтті. Келесі күні, 26 ақпанда таңертең барлық құжаттарды жинап, Алматы қалалық №3 емханаға барып, бөлім меңгерушісі М.Есжанова мен учаскелік дәрігер А.Мейірмановаға жолығып, анамның қайтыс болғаны туралы анықтама қағазын сұрадым. Алайда дәрігерлер анам Мағрипа Шөжеғұлқызы емхананың компьютер базасында тіркелмегенін, медициналық картасы жоқ екенін айтып, анықтама қағазын беруден бас тартты.

Екі президентке бір арыз: Анамның қайтыс болғанын дәлелдей алмай жүрмін

Мен анам 1990 жылдардың басынан ауыра бастағанын, сол кезде Алматы қаласындағы медицина мекемелерінің барлығында болып, тексерілгенін, бірақ дәрігерлер дұрыс диагноз қоймай, науқасы асқынған соң, дәрігер атаулыдан күдер үзіп, өз бетімен емделуге көшкенін түсіндірдім. 2018 жылдың қараша айында анам біржолата төсек тартып жатып қалды. Ауруханаға жату, үйге дәрігер шақырту туралы менің және жақын туыстардың сөзіне қарсы болып, медицина мекемелеріне қаралудан үзілді-кесілді бас тартты. Ешқандай дәрігерге сенбейтінін де ашық айтты. Анам бізге табиғи шырындар, ыстық сорпа мен табиғи сүт өнімдерін ғана қалайтынын айтып, басқалай мазаламауымызды қатаң ескертті. Онсыз да физикалық тұрғыда науқас анамды артық сөзбен мазаламау мақсатында біз оның бар қалауын орындадық. Яғни, табиғи тағамдармен қамтамасыз еттік, аурухана, емханаға қаралуға зорлап итермелемедік. Бұны жақын туыстарым да растай алады.

Мен дәрігерлерден емхананы мойындамағаны үшін марқұм анамды кешіруді өтіндім. Анам қайтыс болған сәтте Жедел жәрдем ғана шақырып, дәл осы №3 емхана дәрігеріне айту керектігін білмегендігім үшін де кешірім сұрадым. Дәрігерлер кешірген жоқ. 1990 жылдардағы анамның медициналық мұрағат құжаттарын ақтаруды өтіндім. Дәрігерлер «ескі құжатты ешкім іздеп отырмайды» деп жауап берді.

Мен анам бұл емханаға соңғы уақытта қаралмаса да жергілікті мекен-жайы бойынша осы мекемеден құжат алынуы тиіс екендігін алға тартып, анықтама қағазын қайта-қайта сұраумен болдым. Дәрігерлер «сіздің анаңыз бұл мекен-жайда тұрмайды, бұл оның құжаты емес» деген тәрізді намысыма тиетін жала сөздермен онсыз да қайғырып отырған менің еңсемді одан сайын түсірді. Мен бүкіл құжаттарды көрсетіп, анам отыз жылдан бері Бостандық ауданындағы құжатта көрсетілген үйде мекен-жайын өзгертпестен тұрақты тұрғанын дәлелдедім. Дәрігер сонда ғана журналды ашып қарады да, «Анаңыздың аты-жөні ескі тіркеуде бар екен, бірақ жаңа тіркеуде жоқ, сондықтан анықтама қағазын бермейміз» деп қасарысты. Сонда анамның аты-жөні емхананың компьютер базасына енгізілмегеніне мен кінәлімін бе?

26-ақпан күні емхананың бас дәрігері Қ.Игисиноваға кіру мүмкін болмады. Келесі күні, яғни ақпанның 27-де мен емхананың бөлім меңгерушісі және учаскелік дәрігермен бірге Қ.Игисинованың қабылдауына кірдім.  Бас дәрігер әртүрлі сылтауды алға тартып, құжаттың берілмейтінін айтты. Ауылдық жердегі аурухананың қатысы болмаса да, «Ауылдан таныс арқылы ал» деп, мені Ұзынағаштағы Жамбыл орталық аудандық ауруханасына жұмсады.

Міне, осылайша мен анамның тұрғылықты мекен-жайы бойынша қалалық емхана беруге тиіс анықтама қағазын сұрап, әр мекеменің есігін қағумен екі айға жуық уақытым өтті. Барлығы Алматыдағы №3 емханаға сілтейді.

Екі президентке бір арыз: Анамның қайтыс болғанын дәлелдей алмай жүрмін

№3 емхана болса анам Мағрипа Шөжеғұлқызының моласын қазбайынша оның өліміне сенбейтіндіктерін, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ Медициналық жедел жәрдем станциясы мен Бостандық аудандық учаскелік полиция бөлімшесі берген биологиялық өлімді растайтын құжаттарды мойындамайтынын айтуда.

11-наурызда аталмыш емхана бас дәрігері Қ.Игисинованың атына жазбаша өтініш тапсырдым. Бұл өтінішіме жауап берілмеді. 27-наурызда Қ.Игисиноваға тағы кірдім. Мәселе шешілген жоқ.

12 наурызда Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Қ.П.Қожамжаров, Денсаулық сақтау министрі Е.А.Біртановқа, Әділет министрі М.Б.Бекетаевқа өтініш хаттар жібердім. Әлі нәтиже шыққан жоқ.

№3 емхана «Мағрипа Шөжеғұлқызының моласын қазбайынша  ешқандай құжатқа сенбейміз, анаңыздың көз жұмғаны рас болса сот арқылы дәлелдеңіз» деген соң бүкіл құжаттарды жинап, Бостандық аудандық сотына екі мәрте бардым. Сот қызметкерлерінен: «Осынша құжат жинап, әуре болғаныңыз-ай! Анаңыздың қайтыс болғанын сот арқылы дәлелдеуге еш негіз жоқ, онсыз да айдан анық көрініп тұр ғой. Бұл жағдайда сотқа жүгіну қажет емес. Бұл алдымен сізді мазақ ету, екіншіден марқұм анаңыздың аруағын қорлау. Анаңыз дәрігерге қаралмаса ол өзінің құқы, емхананың бұнысы дұрыс емес. Мола қазудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Қайтадан емханаға барып, анықтама қағазын талап етіңіз» деген жауап алдым.

Мен соңғы рет 10-сәуірде №3 емхана бас дәрігерінің орынбасары С.Сауровамен телефон арқылы сөйлескенімде ол «қайтыс болғаны туралы  анықтама қағазы медицина қызметкері мәйітті көрген соң ғана беріледі» деді. Сонда Алматы қалалық Медициналық жедел-жәрдем станциясының дәрігерлері медицина қызметкеріне жатпай ма?

Міне, 24-ақпан күні көз жұмған анам Мағрипа Шөжеғұлқызының қазасын алыс-жақын ел түгел естіді, БАҚ арқылы бүкіл республика біледі десем артық емес. Шет елдерден де көңіл айтулар келуде. №3 емхана болса марқұмның моласын қазуды талап етуде. Осы екі ай ішінде қайғыма қайғы үстемелеп, шеріме шер қосқан емхананың әрекетін қалай бағалауға болады? Сіздерден арнайы комиссия құрып, осы мәселені шешіп беруді халық алдында өтініп сұраймын.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

журналист.

11 сәуір, 2019 жыл.

Фотолар автордікі

Жас Алаш

Загрузка...

Комментирование закрыто.