Беларусь еліндегі адам құқықтарына қайшы іс-әрекеттен кейін танымал әртістер биылғы “Славян базары” музыкалық байқауына байкот жариялады. Байқауға Қазақстан атынан танымал әншілер Роза Қуанышқызы мен Димаш  Құдайберген қонақ ретінде қатысудан бас тартқан жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Рымбаева мен Құдайбергеннің Витебскіге сапарын Мәдениет министрлігі растады. “Славян базары” биыл 14-19 шілде аралығында өтеді.

 

“Халықаралық өнер фестивалінің әділ-қазылар алқасының мүшесі ретінде, фестивальдің ашылуы мен жабылуында танымал әнші Димаш Құдайберген өнер көрсетеді. Ал танымал әнші, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева фестивальдің ашылуы мен “Золотой хит” бағдарламасында арнайы қонақ болады”, – делінген Мәдениет министрлігінің Stan.kz тілшісіне берген жауабында.

Ал әртістердің өздері байқауға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Димаш пен Роза Рымбаевадан басқа Витебск қаласында өтетін фестиваль бағдарламасында: Әміре, Әділхан Макин және Әлішер Кәрімов сынды тағы басқа өнер жұлдыздары бар.


Биыл байқауда ел намысын Қазақ ұлттық өнер университетінің үшінші курс студенті Рухия Байдүкенова қорғайды. Балалар байқауына Қазақстаннан “Бозторғай – 2019” байқауының жеңімпазы Әмина Асгатова қатысады.

Айта кетейік, биылғы байқаудың өтуіне Беларусьтегі адам құқықтары жағдайына байланысты наразылық көп. Фестиваль афишаларында тізімі көрсетілген өнер иелерінен халық әлеуметтік желілерде келмеуін сұрап жатыр.

Беларусь азаматтары желідегі әртістер парақшаларында: “Еркін белорусьтер “Славян базарында” өнер көрсетуден бас тартуды сұрайды”, “қанды режимді қолдамаңыз”, “диктаторды қолдамаңыз”, “бұл адам қаны төгілген жерде сауық-сайран құрумен бірдей”, – деген пікірлер қалдыруда.

Ресейлік әнші Слава мұндай пікірлерден бейжай өтіп кете алмайды. Ол өзінің Instagram парақшасында историс жариялап, онда әртістерге фестивальдерге қатысу үшін ақы төленбейтінін айтты. Бірақ олар “Славян базарына” бармау туралы пікір жазатындарға ақша төленеді, дейді Слава. Ашуға булыққа әнші дөрекі түрде пікір жазатындардан әлеуметтік желілерде мазаламауды өтінді.

Дегенмен, біртіндеп фестиваль бағдарламасынан Олег Винник, Александр Буйнов, Элина Иващенко, Ирина Билык, фронтмен Александр Ивановпен бірге “Рондо” тобы, Maruv, Антон Табала (Homie), Наташа Королева, шоумен Тимур Мирошниченко, жүргізуші Андрей Доманский көрінбей кетті.

“Әртістердің өз аккаунттарында жаппай ала бастаған үндеулер толқыны негативті шиеленіске ұласты. Фестивальға дайындық жүргізуге кедергі келтіруді. Эмоционалды қысым шығармашылық адамдарды қабылданған шешімдерді өзгертуге мәжбүр етеді”, – деп байқау ұйымдастырушылары әртістердің кетуін түсіндірді. 

Десе де, Беларусь мәдениет министрі Анатолий Маркевич Витебскіде өтетін “Славян базарына” қатысудан бас тартқан әртістер саусақпен санарлық деп мәлімдеді.

“Дәстүрлі түрде өтетін байқауға келгісі келмейтін әртістер “жағымсыз аура” қалыптастырды деп айта алмаймын”, – деді Маркевич СТВ-ға берген сұхбатында.

Фестивальдің ашылу бағдарламасында Анита Цой, Тамара Гвердцители, Николай Басков, Стас Пиеха, Елена Ваенга, Слава, Таисия Повалий бар.

Еске салайық, Беларуссиядағы саяси жағдай Ryanair ұшағын мәжбүрлеп қондырып, журналист Роман Протасевич ұсталғаннан кейін шиеленісе түсті. 21 маусымдағы жағдай бойынша Беларусьда 501 адам саяси тұтқындар деп танылды.

Кеше Еуропалық Одақ, АҚШ, Канада және Ұлыбритания бір уақытта Беларусьтің шенеуніктері мен жетекші кәсіпорындарына қарсы жаңа санкциялар енгізді. Еуроодақтың санкциялары Беларусь экономикасының негізгі секторларына, соның ішінде калий тыңайтқыштарының, мұнай мен мұнай-химия өнімдерінің экспортына, сондай-ақ темекі өнеркәсібі мен қаржы секторына әсер етеді. Бұл Беларусь оппозициясы мен ЕО заңсыз деп санайтын 2020 жылғы тамыздағы сайлаудан кейін енгізілген төртінші шектеу пакеті болады.

 

 

Рубрика: