Әлеуметтік желілерде Егіндібұлақ ауылындағы қарды камераға түсірген әйелден кешірім сұраған Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтің видеосы пайда болды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Камераға аудан әкімінің зейнеткермен сөйлескен сәті таспаланған. Ауылдық округ әкімі әжейді қар жауғанын видеоға түсіргені үшін кешірім сұратқан еді. Қанат Кәрімов ауылдық округ әкімдеріне қалың қар салдарынан туындаған мәселені шешуге тапсырма бергенін түсіндірді. “Жағдайыңызды білуге келдім деген жоқ. Бұл кісі маған “ауданның әкімі есеп әкел деп айтты, видеоға түсесіз” деп мені түсіріп алды”, – деді әйел шенеунікке.

Осы ретте әлдекімнің бұлай айтпадым деген сөзі естіледі. Дегенмен тұрғын сөзінен тайқыған жоқ. “Кешіріңіз, мен әкімдерге барып, не болып жатқанын біліп, жағдайларын шешіп беріңдер деп тапсырма бердім. Енді бұл осылай түсініп отыр”, – дейді Қанат Кәрімов.

Ал әжей болса, видеоны таратып жібергеніне ашуланды. “Менің видеомды таратудың не қажеті бар еді? Ондай құқықты кім берді сіздерге?”, – деді әйел.

Кәрімов тұрғыннан кешірім сұрап, зейнеткердің әкімді сотқа беруге құқығы бар екенін айтты. “Мен сізден ауыл әкімінің атынан кешірім сұрап отырмын. Техника жоқ дейді. Қазір Баянауылдағы жігіттермен келісіп, техниканы ұйымдастырамыз. Тек сіздің аулаңызды емес, мына тұрған 4-5 ауланы да тазартамыз”, – деді Қанат Кәрімов.

kaz.nur.kz

 

Рубрика: