Әлеуметтік желіде тарап, ел арасында шу тудырған бюллетеньдерге қатысты видео Алматыда түсірілмеген болып шықты деп хабарлайды Zakon.kz сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

 

Фото: видеодан кадр

Фото: видеодан кадр

Бейнеролик желіде тарап кеткен соң, оның Алматыдағы №186 мектепте түсірілгені жайлы болжамдар пайда болды.

Басылымның хабарлауынша, бұл тұжырымның анық-қанығын анықтау үшін мектепке бір топ белсенді барған. Олар оқиға орнынан тікелей эфир жүргізген.

Анықталғандай, мектеп аумағында үш сайлау бөлімшесі ашылған. Олардың бірі спортзалда орналасқан.

Бейнежазбадағы кадрларға қарап, видеодағы залдың №186 мектептегі залдан айырмашылығы бар екенін аңғаруға болады. Қабырғада Олимпиада чемпионының суреті жоқ, ал сайлаушылар кабинкасындағы пердешелер мүлде басқа.

Мектеп аумағында орналасқан №516 сайлау бөлімшесінің төрағасы бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.

“Көріп тұрғандарыңыздай, біздің залда терезелер мүлде басқаша, Ольга Шишигинаның портреті жоқ. Ұқсамайтын тұстар өте көп. Бізде мұндай заңбұзушылық болған жоқ” , – деді Зухра Сихмбаева.

Айта кетейік, бұған дейін ОСК бюллетеньдерге қатысты видеоны зерттеуге уәде бергенін хабарлаған болатынбыз.

 
  

Рубрика: