АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Бүгін Қытайға ышқырын босатса, ертең жалаңбұт қалмасымызға кім кепіл?[:]

[:kz]

«ҚАЗАҚФИЛЬМ» МЕН «ҰЛТТЫҚ АРНА» ҚЫТАЙҒА ЫШҚЫРЫН БОСАТТЫ…

Осы біздің елде идеология бар ма, жоқ па, өзі? Кеше «Қазақфильмнің» қытайлармен бірлесе түсірген «Композитор» атты киносын «Қазақстан» ұлттық… я, ҰЛТТЫҚ АРНАДАН көріп, қаным басыма шапшыды.

 

Сянь Синхай деген композитордың соғыс жылдарында Алматыда болғаны рас делік. Ол аз болса, Сянь Синхайдың атына оңтүстік астанамыздан бір көшенің атын бердік. Осы құрмет Құдайы көршімізге аз болды ма?

Аз болыпты… Кинода достықтың символы болуы керек Байқадамовтың бейнесі мүлдем ашылмаған. Бейнесі ашылмаған деппін ғой, қазақ өнерінің майталманы Бақытжан Байқадамов «сутенер» (жеңгетай деуге келмейлі-ау) кейіпкер болып шығыпты. Қазақ қай уақытта қаңғырып жүрген қытайды жесір әйелдің үйіне қондырушы еді. Жесір әйел болса мейлі делік, күйеуі «Халық жауы» болып атылып кеткен қарындасының жалғыз бөлмелі (бастапқыда шатырында жатқызғанына да шүкір) үйіне соқталдай еркекті тұрғызатындай ақымақ ұлтпыз ба? Өткен жылы «Қазақтар қонақтарының қойнына қыз салып береді» деп қорлаған қытайлар енді сол сөзін расқа айналдырып, онысын Ұлттық арнаның эфирінен көрсетуге көшіпті…

 

Мен қытай фобиясынан қорықпаймын. Жалған ұрандатуға да бейілді емеспін. Десе де, қытай мен орыстың идеал бейнесін сомдауға келгенде неге алдыға жан салмайтынымызды түсіне алмаймын. Әлдебір депутат ағамыз командасымен бірігіп, «Келін», «Қайрат чемпион», «Ирония судьбы» деген секілді кинолар жарыққа шыққанда тоқымын бауырына алып тулап еді. Солар Қытайдың «Композиторын» көрмей отыр ма, жоқ елде Елбасы мен Си Цзиньпиннің батасын алған фильмге тістері батпай қалды ма?

Айтар сөз көп, бүгін «ҚАЗАҚФИЛЬМ» мен ҰЛТТЫҚ АРНА Қытайға ышқырын босатса, ертең жалаңбұт қалмасымызға кім кепіл?

Ой айтып, постты бөлісе отырғайсыз! Халықтың мұндай масқараға қарсы екенін қазақ билігі де, қытай билігі де біле отырсын!

 

Қанат Әбілқайыр
Фейсбуктегі парақшасынан

[:]