2020 жылдың 13 шілде Жалпыұлттық аза тұту күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 12:00-де коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы. 

Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында мәлімдеді.

13 шілде күні сағат 00:01-де Қазақстан бойынша мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарындағы мемлекеттік Ту түсіріледі.

Астана ​уақытымен 13 шілде күні сағат 12.00-де республикалық телеарналар эфирінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бір минуттық үнсіздіктің тікелей көрсетілімі ұйымдастырылады.

Мемлекет басшысымен бір уақытта еліміздің барлық аймақтарындағы әкімдер әкімдік ғимараттарының алдындағы алаңға шығып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың өкілдері, әскерилер, дәрігерлер қаза болған адамдарды құрметтеу мен еске алу белгісі ретінде киімдеріне қаралы таспа тағады.

Еске сала кетсек, 13 шілде Қазақстанда Ұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын. Бұл туралы 8 шілде күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына жасаған үндеуінде айтқан еді. 

 

Рубрика: