АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]Болат Әбілов Назарбаев көшесінің атауын «Қаңтар» деп өзгертуді ұсынды[:]

[:kz]

 

Алматыдағы “Қаңтар” оқиғаларына байланысты тергеу шараларының әділ жүргізілуін талап еткен белсенділер қоғамдық талқылау жиынын ұйымдастырды. Жиналысқа арқау болғандардың бірі, саясаткер Болат Әбілов құзырлы органдардың халыққа ашық ақпарат таратпайтынын айтады. Оның сөзінше, биліктегілер барлық кінәні ҰҚК-нің экс-басшысы Кәрім Мәсімовке арта салғалы отыр. Белсенділер ұйымдастырған ашық жиынға Stan.kz тілшісі де қатысып қайтты. 

Қоғам белсендісі, саясаткер, кәсіпкер Болат Әбілов алты ай уақыт өтсе де қаңтар құрбандарына лайықты жәрдем көрсетіліп, билік тарапынан қолдау болмағанын сөз етті. Осынша уақыт бойы әділдіктің орнамағанына, тергеу, соттардың ашық ақпарат бермейтініне наразылығын танытты. Айтуынша, билік кінәні біреудің мойынына іліп, тергеуді жылы жаба салғалы тұр.  

“Сот неге ашық өткізілмейді? Неге осы трагедияға қатысы бар деп қамалғандардың ісінен ашық ақпарат жоқ? Мұның бәрі, меніңше, қолдан жасалған дүниелер. Билік халықтың күшін біледі. Соңында біреуді кінәлі деп табу керек болған соң Ұлттық қауіпсіздік қызметінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің мойынына барлық бүлікті жаба салды. Оны билікті басып алуға әрекет жасады деп айыптады. Мен Кәрім Мәсімовты жақсы танимын. Өмірде ол өте әлсіз, қорқақ адам, өмір бойы көмекші ретінде қызмет атқарып келеді. Мұндай сабырлы, ұстамды адамның кенеттен билікке ұмтылуына сене алмаймын. Оның билікті басып алуды жоспарлауға да батылы бармайды”, – дейді Әбілов.

Сонымен қатар ол “Қазақстан халқына” қорынның жұмысына көңілі толмайтынын жасырмады. Осындай қоғамдық қорлардың көмекке зәру жандарға демеу көрсетпейтінін және өз мақсатын түбегейлі орындамағанын айтты. 

“Қаңтар” оқиғаларынан кейін “Қазақстан халқына” қоры ашылды. Бұл қордың не үшін ашылғаны белгісіз. Мұндай қор бірінші жәбір көргендерге көмектессін. Қазынасында қаншама ақша жатыр. Бірақ елге берген жәрдем беріп жатқаны шамалы“, – деді ол.

Әбілов алаңға шыққандарды атқан құқық қорғау органдарының қызметкерлерін жазалау керектігін жеткізді. Алайда от атқандарды анықтау үрдісінде шикіліктер өте көп, дейді ол. 

“Өз басым берілген ақпаратқа сенбеймін. Әлеуметтік экономикалық жағдайды айтпағанда, жарты жыл өтті, “қаңтар” оқиғасы тудырған сауалдардың жауабын әлі де ала алмай жүрміз. Президентке алаңда 20 мың бүлікші бар деген ақпаратты кім жеткізді? Бұл ақпарат қайдан шықты? Біз көптеген дүниелердің тереңіндегі шындықты білмейміз. Алайда осы елдің азаматы ретінде оны білуге құқығымыз бар. Саясат әділ, ашық, ортақ болуы керек”,- деп қосты Әбілов.

Сонымен қатар ол Алматыдағы Назарбаев көшесінің атауына да тоқталды. Белсенді көшеге “Қаңтар” деген атауды беруді ұсынды. 

“Мен Назарбаев көшесінің атауын қолдамайтынымды айтып келемін. Сондықтан көшені бұрынғы атауымен Фурманова деп атаймын. Осы көшенің атауын “Қаңтар” деп атасақ орынды болар еді. Өйткені Желтоқсан көшесі бар. Сол секілді “Қаңтар” көшесі де болса деймін. Оны билік жасамаса болашақта біз міндетті түрде өзгертеміз деп ойлаймын”,- деді Әбілов.

Ол елімізде орын алған осы бір трагедияның әлі шешімін таппай, дау туындатып отырғанын алға тартып, азаматтарды қорықпай, ашық болуға шақырды.

“Біз Ресейдің Украинаға жасаған шабуылы жайлы, орыс әскерлерінің бассыздық әрекеті туралы естігенде, бұған қарсылық білдірдік. Ал өзіміздің қазақ қазаққа күш көрсетіп жатқанда үнсіз қалып жатырмыз. Бұндай үлкен трагедиядан кейін той жиын дегенге бір жыл тосқауыл қойып, жыл бойы ай сайын осындай талқылау жиындарын өткізіп, мәселенің түйінін шешуге әрекет ету керек деп ойлаймын”, — деді Әбілов.

Осы орайда жиынға қатысқандар қаңтар оқиғасында жазықсыз қаза тапқандарға арнап мешіт салуды, ескерткіш тақта орнатуды, сол тақтаға толық тізім шығаруды ұсынды. 

[:]