«Егер Европа, Америкадағыдай эпидемия бізге келсе, шыбынша қырылып қаламыз. Себебі, осы кезге дейін біз ғылым, медицинаны дамытудың орнына той тойлап, аурухана орнына тойхана салдық», – дейді білікті дәрігер.

Қоғамда өзіндік орны, айтар ой-пікірі бар білікті дәрігер Ғабит Нұрханұлы facebook парақшасына «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан туады?» деген тақырыппен қазіргі Қазақстан медицинасы қызметкерлерінің әлеуметтік мәселесін жан-жақты ашып көрсетті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ескерте кетсек, біз белгілі маманның өз саласындағы кем-кетікті өзінен артық ешкім жеткізе алмайтынын ескеріп, «жанын жеп жазған» жазбасын қысқартпай, сол қалпында беруді жөн көрдік.

«Амансыздар ма? Түсіп жатқан пациенттерде есеп жоқ, кішкене демалыста іштегі зарды шығарып алайын. Өткенде дәрігерлердің ақшасын көтеру керек дегенімде осындағы шолақ белсенділер моментті пайдаланып ақша сұрап жатыр деп жемқорға теңепті. Қытай, Италия, Германияда дәрігерлер осындай қиын кезде ақша сұрап па деп шыққандар бар.

Германия, Италия , Испания дәрігерлері мұндай қиын кезде, әрине, ақша сұрамайды. Себебі, олар осы кезге дейін сол қоғамның беделді мүшесі болды. Осы кезге дейін Германияда дәрігерлер жақсы айлық алып келді. Қаланың әкімі 3800 евро алғанда, жай ең қарапайым дәрігерлердің айлығы 4500 евро (бруттомен) болды.

Кәзір оларға сын сағаты келді, ешкім ақшамен санаспай жұмыс істейді. Германия – Европадағы індет жұқтырғандар саны көп болса да өлім саны аз мемлекет. Ал бізде дәрігерлер қоғамның қалдығы сияқты өмір сүріп келеді. 2018-ге дейін дәрігерлердің айлық көрсеткіші 45000 тг болды. Кәзір 75000 тг болуы керек. Ешқандай санатқа кірмей, жеңілдікпен баспана да ала алмайды.

Тіпті, кәзір өте қауіпті инфекциямен жалаң қолмен күресіп жүрсе де, ештеңе сұрама, Гиппократқа ант бергенсің дейтіндер жеткілікті. Мен Германиядан келгелі дәрігерлердің құқығы, дәрежесі жайлы айтып келем. КВИ басталмай тұрып та айтқам, кәзір де айтудан шаршамаймын. Дәрігерден сапа талап ету үшін оған жағдайын жасау керек. Айлығын төле, сұраған құралын алып бер де, сапа талап ет. Екінші жолы – талап та жоқ, сапа да жоқ. Бізде, өкінішке орай, екіншісі.

Халықаралық JCİ, ISO стандартарына тек Астананың екі-үш клиникасы кіреді, басқалары халықаралық түгіл, мемлекеттік стандартқа да жауап бере алмайды. Германияда мен болған клиникаларда «жоқ» деген сөз қылмыспен тең болған. Немістер ондай нәрсені түсінбейді, қалай ауруханада жоқ деген сөз болады? Қазақстанға келгенде бірінші өзің сұрап аласың, «Не бар бүгін? Немен емдейміз?» деп.

Егер Европа, Америкадағыдай эпидемия бізге келсе, шыбынша қырылып қаламыз. Себебі, осы кезге дейін біз ғылым, медицинаны дамытудың орнына той тойлап, аурухана орнына тойхана салдық. Салыстыру үшін Қазақстан медицинаға ВВП-дан 3.9% бөледі. Ол шамамен 379 $. АҚШ 17,8%, шамамен 7285 $, Германия 11%. Медицинада 188 мемлекет ішінде 172-орындамыз (https://gtmarket.ru/ratings/expenditure-on-health/info).

Жаңалықтардан көріп отырсыздар, Қытайдан гуманитарлық көмек алып, Түркия, Ресей, АҚШ-тан көмек сұрап отырмыз.

Қайта айналып өзімізге келейік. Президент эпидемия уақыттында үстеме ақы беретінін естіп қуансаңыздар, біліп жүріңіздер, ол бүкіл қызметтердің 1%-ына ғана тиесілі. Чаттарда, топтарда наразы дәрігерлер өте көп. Астанада 20 шақты емдеу мекемесі болса, тек екеуіне ғана тиесілі. Жедел жәрдемде 50 шақты бригада болса, КВИ-ларды тасымалдайтын 3-4 бригадаға ғана тиесілі.

Тіпті, КВИ-мен байланысып, карантинде жатып шықса да, мемлекеттің ойынша, олар қатерсіз топта. Тек жұқтырса, не қайтыс болғандар ғана ала алады. Әзірге ешкім жұмыстан кетіп жатқан жоқ, тек жас балалары барлар ғана демалыста. Бірақ, ертең «жау жағадан алғанда» күресетін жауынгер таппай қалмайық».

Рубрика: