«Біз – Иегова куәгерлеріміз»: елордада қазақ жастары үй-үйді аралап, жат ағымды насихаттап жүр

«Бір кездері «Иегова куәгерлері» құрығына зейнеттегі зеріккен шал-кемпірді түсіріп еді. Енді жастарды арбай бастапты. Тырнағына қазақтың баласы іліккені алаңдатады».

Журналист Бану Әділжанова facebook парақшасына қазақтың жап-жас қыз-жігіттерінің Нұр-Сұлтан қаласында үйлердің есігін қағып, «Иегова куәгерлері» ағымы туралы үгіт-насихат жасап жүргенін жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жақында үйімізге Иегова куәгерлері келді. «Бақытты болудың кеңесін кімнен сұраған дұрыс?» деген сұраққа жауап іздеп жүр екен. Өте сыпайы. Іші-бауырыңа кіріп кетердей. Сауатты сөйлейді. Жылы жымиып, өздеріне баурап алады. Жап-жас… Қазақтың қаракөз қыз бен жігіті…

Алғашында аузым аңқиып, байыбына бара алмай, сұрақтарына кәдімгідей ойланып, жауап беріп тұрғанмын. Сұрақтарының сиқынан күдіктенген Еламан (күйеуі – ред.): «Осы сендер әңгіменің соңында «біз Иегова куәгерлеріміз» деп тұрмаңдар!» деп еді, бағанадан бері жанындағы жігітті сөйлетіп, өзі үнсіз тұрған қыз: «Дұрыс айтасыз, аға, біз – Иегова куәгерлеріміз», – деп қарап тұр…», – дейді әріптесіміз.

Сонымен, өрімдей қазақ қызы мен жігітінің мына тірлігіне қарадай күйінген журналист Еламан Қоңыр оларға ашумен біраз ақыл айтып, әңгімеге де тартып көріпті.

Белгілі болғаны, жігіттің жасы 20-да екен. Оқымаған. Шаштараз болып жұмыс істеген. Түлкібастікі. «Мына жақта не істеп жүргеніңді әке-шешең біле ме?», «Қазақтың баласысың, ұят емес пе?» деген сұрақтарға басында бақыт жайлы сайрап тұрған ол міңгірлеп дұрыс жауап бере алмаған.

«Бізден кейін олардың басқа үйдің есігін қаққан-қақпағанын нақты білмеймін. Бірақ, «Кешіріңіз…» деп күмілжіп, көздерін төмен сала берген қос қазақтың баласына алаңдай бердім. Жас қой… Жетіскеннен осылай жүрмеген болар…

Бір кездері «Иегова куәгерлері» құрығына зейнеттегі зеріккен шал-кемпірді түсіріп еді. Енді жастарды арбай бастапты. Тырнағына қазақтың баласы іліккені алаңдатады. Ең сорақсысы да сол. Қазақы қаймағы бұзылмаған Түлкібастың баласының «басын айналдырып» алғандарына қарағанда, бұлардың құрығы ұзарып, тамыры тереңдеп кеткен ау…», – деп налыды Бану Әділжанова.

Осы орайда, журналист Клара Нақып: «Бір кездері «куәгерлердің» қатарында болып, кейіннен «Иоговаға қарсы куәгер» болған 16 жастағы жігіт туралы мақала жазып едім Шымкентте. Ақша үшін осындай ағымның жетегінде жүрген жастар көп, өкінішті…», – десе, тағы бір әріптесіміз Гүлжазира Ертас: «Бұлар біраздан бері жоғалып еді, қайта шыққан екен ғой. Иегова куәгерлері – өзіміздің қазақ…», – деп пікір қалдырды.

Міне, қазақ қоғамы лаңкестік әрекетке біртабан жақын жүретін сәләфиттерден құтыла алмай дал болып отырғанда, теріс пиғылды басқа идеологтар да тұрмысы төмен тұрғындарды өз мүддесіне пайдалануда.

Рубрика: