АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Билік «ұжымдық Қосановты» дайындап жатыр»: Мамай Парламент сайлауының қашан өтетінін болжады[:]

[:kz]

Президент Тоқаев «Саяси партиялар туралы» заңға қол қойғаннан кейін елде Парламент сайлауының дүбірі жақындап келеді деген ауандағы әңгіме жиілей бастады. Алайда, qamshy.kz тілшісіне пікір білдірген қоғам белсендісі, Демократиялық партия құру бойынша бастамашыл топ жетекшісі Жанболат Мамай «Парламент сайлауы мерзімінде өтеді, мұның өзіндік астары бар» деп есептейді.

«Елде электоралдық циклға дайындық басталды. Бірақ, меніңше, билік Парламент сайлауын биыл өткізбейді. Олар алдымен күзде ме екен, мәслихат сайлауын өткізеді. Одан кейін барып, Парламент сайлауын өз мерзіміне белгілеп отыр.

Қазіргі Парламенттің құзіреті 2021 жылғы наурызда бітеді. Заң бойынша, кемінде екі ай бұрын Парламент сайлауы өтуі керек. Бұл – қаңтар айы. Осылайша, билік жаңа жылдан кейін, суық кезде, көп жерлерде жол қатынастары жабылған шақта Парламент сайлауын өткізуді жоспарлап отыр деп ойлаймын. Оған дейін қараша айында Парламентті таратып, бір ай уақытты партияларды тіркеуге жұмсап, үгіт-насихат жұмысына бір ай қалдырмақ», – дейді ол.

Жанболат Мамай Демпартия құру бойынша бастамашыл топ өкілдері бүгінде белсенді жұмыс жасап жатқанын айтты.

«6 маусым күні «несиелік амнистияны», «жер шетелдіктерге сатылмауы керек, жалға берілмеуі керек» дегенді талап етіп, жалпыұлттық, жалпыреспубликалық деңгейдегі митинг өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол шарадан кейін бастамашыл топ құру, оны тіркету, құрылтай съезд ұйымдастыру секілді жұмыстарды міндетті түрде қолға аламыз», — деген қоғам белсендісі, билік жаңа саяси партияларды құруға құлықты емес, тек қоғамдық қолдау арқылы билікті партияларды тіркеуге мәжбүрлеуге болатынын атап өтті.

Қоғам белсендісінің пікірінше, «билік қоғамды алдау үшін «ұжымдық Қосановты» – жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын дайындап жатыр».

«Белгілі бір топтар дөңгелек үстел ұйымдастырамыз, коалиция құрамыз деген мәселелерді көтеріп жүр. Ол әңгіменің барлығы – ЖСДП төңірегіндегі әңгімелер. Меніңше, бұл – билікпен келісілген сценарий. Алдағы сайлауда «Қазақстанда оппозициялық партиялар сайлауға түсіп жатыр» деп көрсету арқылы ЖСДП-ны халықты тағы да алдау үшін пайдалану ойыны жүргелі жатыр», – дейді ол.

[:]