АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Беті ашылмаған келінге не істеуге болмайды?[:]

[:kz]

Келін келді көріңіз, Көрімдігін беріңіз… Сіз көрімдікті кімге беріп жүрсіз?

Беташар – қазақ халқының ең әдемі дәстүрі. Атам марқұм: «Басқа тойға шамаларың келмесе де, ұлға сүндет той, келінге беташар тойын жасап беріңдер» деп қадап айтатын. Әжем де келін түсетін кезде өте мұқият болатынын байқаймын. Қария кісі болса да ештеңені қалт жібермейді. Керісінше тойдың абыр-сабырымен анам мен жеңгелерім көп нәрсеге көңіл бөлмейді.

 Күні кеше әкемнің үлкен қарындасы Қарағандымен құда болып, келін түсірді. Бірақ әпкем той қамына емес, келін мен ұлын шығарып салуға кірісіп кетті. Мұны жөн көрмеген әжем қызына дәстүрден аттамау керектігін қадап айтты.

«О заманда, бұ заман, босағаңнан аттаған келінге беташар жасап, ел-жұртқа таныстырмай қай сасқаның?! Қайдан туған пендесің?! Көңілің соқыр ма, көзің соқыр ма?! Дүниеге енді келдің ба?! Қайдағы-жайдағыны айтпай, той қамына кіріс. Түсте беташар жасаймыз. Шақыр ағайын-туғаныңды, көрші-қолаңды. Қуанышты бөліссең көбейеді. Бееташарға келген жұрт сүйсініп, жастарға тілегін айтады. Жас келін де бөтенсімей, өзінің үйіндей көреді. Беташар деген сөз босағаңнан аттаған бөгде елдің еркесін өз бауырыңа тартып, отбасыңа қосу болмақ» деді. 

Ал әпкемнің ойы екі шығындалмай беташарды үлкен тойға қосу екен. «Беташар жасаудан қашып жатқан жоқпын. Балалардың сабағы бар. Асығыс шешім қабылдап, жастарды үйлендіріп қойдық. Қысқы сессияға келгенде үлкен той мен беташарды қосып жасаймыз» деді әпкем. 

Оның бұл ойын отырғандардың ешқайсысы құптамады. Керісінше түрлі ескертулер естіп, айқайдың астында қалды. «Жас емессіңдер, желігіп жүретін. 

Беташар тойдың да өз қағидалары бар. Білмесеңдер біліп алыңдар. 

Біріншіден, БЕТАШАРҒА күйеуіңнің, өзіңнің туысқандарыңды, көршілеріңді, ұлыңның жолдастарын шақырасың. 

Екіншіден, БЕТАШАР кезінде жаңа түскен келіннің қолтығынан сүйеуге өз әулетіңнен етегі балаға толған үлгілі, өнегелі екі келінді таңдайсың. 

Үшіншіден, БЕТАШАРЫ болмаған келінге сенің үйіңнен дәм татуға болмайды. 

Төртіншіден, БЕТІ ашылмаған келін саған келін болмайды. Оның некесін қиып, ұлыңа қоса алмайсың. Үйіңнің үлкендеріне сәлем салдыра алмайсың.

Міне, қарақтарым, беташардың да өз салмағы мен салты болады. Қазақ ешқашан тектен текке той жасамаған. Беташарға келген қонақтар енді ғана шаңырақ көтеріп отырған жастарға атағанын әкеледі. Етжақының ат байлап, қораңды малға толтырса, абысын-ажындары көйлегің болар, ас үйіңе жаратасың деп шамасы келген сыйлығын әкеледі. Ал бүгінде беташар кезінде ортаға банкі қойып, ақшаға толтыратынды көріп жүрміз. Кейбір той иелері «беташарға түскен ақша өзімізде қалады» деп жабайы түрде ескертіп те жатады. Ал кейбіреулер банкідегі ақшаны асабаның ақысы деп біледі екен. Беташар кезінде жас келін бет ашуға сайланып келген асабаның айтуымен жаңа ағайындарымен, туыстарымен танысады. Беташардан соң үй ішімен, ас үймен, отбасы мүшелерімен танысып, бір дастарханға жайғасады. Міне, сол кезде келіннің қолынан шай ішіп, қуанышқа жиналғандар мәре-сәре болады. Бұл жас келін үшін үлкен бір бақыт. Келгенде саған да, жастарға да жақсы тілектер айтып, бата береді. Мұның өзі бір ғанибет білген адамға. Басыңа қонған бақты ұшырмаңдар. Мұндай бақыттан бас тартпаңдар» деді әжем. 

Өзімнің әпкем мен жездем ақылды ғой. еш сөзге келместен, беташар жасаудың қамына кірісіп кетті. Ал шымылдық ішіндегі үріп ауызға салардай ақ жеңгем мен асыл ағама баянды бақыт тіледім.

Дереккөз: Ernur.kz

[:]