Руслан Жанпейісов атымен танымал болған блогер сот үкімімен 1 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы. 

Бүгін, яғни​ 30 шілде күні Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының үкімі​ шықты. Руслан Жанпейісов (құжаттағы аты-жөні Бейбарыс Райымбеков) Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-ші бөлігі мен 378-бабының 2-ші бөлігіне сәйкес, кінәлі деп танылды.

Танымал қоғам белсендісі Руслан Жанпейісов жәбірленуші М.-ны орта дәрежеде жарақаттағаны, билік өкілін балағаттап видеоны интернет желісіне жариялағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Сот қылмысы дәлелденген белгілі блогерді 1 жыл бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сот отырысында сотталушы Бейбарыс Райымбеков (Руслан Жанпейісов) аэрозоль бұрышымен толтырылған тапанша түріндегі аэрозольды жәбірленуші М.-ның көзіне оқ жаудырып, екі көзіне химиялық күйік шалғаны, салдарынан жәбірленушінің көру қабілетінің төмендегені анықталған.  Онымен қоймай, сотталушы қоғамдық орында полиция қызметкері К.-ны жұрттың көзінше балағаттап, бейнежазбаны интернет арнаға жариялаған. Сот барысында Руслан Жанпейісов кісіге қасақана дене жарақатын салғанын мойындамаған.

“Жаза тағайындауда сот сотталушының бұрын да бірнеше рет заң алдында жауапкершілікке тартылғанын, бірақ одан нәтиже шығармағанын ескерді. Жәбірленушілердің де сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын беру туралы пікірі ескерусіз қалмаған.

Бейбарыс Райымбековтың кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденді. Жоғарыда аталған барлық жағдайларды ескере отырып, сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау мүмкін деп санады”, – деп мәлімдеді Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметі. Сондай-ақ Әл-Фараби аудандық соты жәбірленушілердің талап арызын қанағаттандырып, Руслан Жанпейісовті жәбірленуші М.-ға 400 000 теңге, жәбірленуші К.-ға 150 000 теңге моральдық шығын төлеу үкімімен міндеттеді.

Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Еске сала кетсек, бұған дейін Әл-Фараби аудандық соты карантинге байланысты бір айлық үзілістен кейін қоғам белсендісі Бейбарыс Райымбековтің (Руслан Жанпейісов есімімен танымал) ісін қайта қарауды бастағаны туралы жазған едік.

kaz.nur.kz/

 

Рубрика: