Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сотта тергеудің үйқамақта ұстау мерзімін ұзартуға байланысты өтінішін қарау кезінде өзін және отбасын бірнеше көлік аңдып жүргенін айтты. Біртанов тергеу уақытты аңдуға емес, істі объективті тергеуге жұмсауы керек екенін атап өтті.

Бүгін Нұр-Сұлтан соты тергеудің Елжан Біртановқа қатысты үй қамағын ұзарту туралы өтінішін онлайн-қарауды жалғастыруда. Кеше, 5 мамырда прокурор қамауға алу мерзімін ұзартуды сұрау кезінде Біртановтың бұған дейін қамауда ұстау шартын бұзғанын мәлімдеген еді. Мәселен, ол туыстарымен және көршілерімен кездескен. Ал Біртанов болса шартты бұзбағанын, бұған дейін судья оған басқа адамдармен кездесуге рұқсат бергенін айтты. 

– Бұлтартпау шарасына қатысты – барып тұрған өтірік. Өткен сот отырысында судья Исаева менің үйқамақ кезінде басқа адамдармен кездесуге құқығым бар ма деген сауалға нақты жауап берді. Бірақ менің балалармен серуендеу кезінде туысыммен кездесуім және азық-түлік сатып алуға барған кезде көршіммен және досыммен кездесу судьяның маған берген режимін бұзу ретінде қарастырылуда. Сонда судьяның әрекетін немесе тергеу органдарының әрекетін қалай түсінуге болады? Бұл алдын ала ойналған ойын болды ма әлде тергеу органы жай ғана біліксіздік танытып, мені қудалауға мүдделі ме? Мен жұмысқа шықтым. Судья маған рұқсат еткен барлық нәрсені – бұл уақытта адамдармен кездесіп, жұмыс істеп, өзіме де еліме де пайда әкеле алатынымды анық түсіндім. Мен өз құқығымды нақты сақтап отырмын деп санаймын, – дейді Елжан Біртанов.  Сондай-ақ, экс-министр өзінің және отбасының ізіне түскенін мәлімдеді.  – Тергеу аталған істі толық әрі жан-жақты тергеудің орнына ақша мен уақытты мені аңдуға жұмсап отыр. Қара пиар. Күнделікті үш көлік менің балаларым мен жұбайымды дүкендер мен жұмыстың айналасында аңдып жүреді. Мен олардың нөмірін беруге де дайынмын. Мен мұның не үшін қажет екенін білмеймін. Бұған сот рұқсат еткен болуы мүмкін. Бірақ бұған кеткен уақытты істі толыққанды ашуға жұмсау керек деп ойлаймын, – дейді ол. 

www.oinet.kz

Рубрика: