АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]»Бәрі бір-біріне қарыз»: Ақтөбеде тұрғындар іргесінен мұнай шығатын шағын қаланың жағдайын айтып, күйінді (фото, видео)[:]

[:kz]

 

Ақтөбенің мұнайлы, шұрайлы өлкелерінің бірі саналатын Мұғалжар ауданы Ембі қаласының тұрғындары халықтың жағдайы нашарлап кеткенін айтып, жанайқайын жеткізді. Олардың сөзінше, шағын қалада жұмыс жоқ, салдарынан тұрғындар азық-түлікті қарызға алуға мәжбүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жергілікті тұрғындар іргесінде алтын өндіретін ауылы бар, Ембі қаласының бүгінгі жағдайына тоқталды. «Ауылда жұмыс жоқ. Елдің бәрі ұсақ саудамен күн көріп жүр. Халықтың бәрі бір-біріне қарыз. Базарда жүргендер заттарын қарызға береді, тұрғындар майды, шекерді қарызға алады. «Шықпа жаным» деп отырмыз», — дейді Ембі тұрғыны Борантай Сүгіров. 

Тұрғындардың айтуынша, базардағы әр сатушыда қарыз дәптері бар. Қарызға алу қалыпты жағдайға айналған. Ал сатушылардың сөзінше, қарыз алып, қайтара алмайтындар да аз емес. «Өзім көпбалалы ана, зейнеткермін. 30 жылдан бері саудада жүрмін. Соңғы жылдары халықтың жағдайы қиындап кеткені байқалады. Тек қарызға ғана сатамыз. Менің қазір қарызға арнаған үш дәптерім бар. Қарызды жинау да оңай емес. 3000 теңгенің затын 1500 теңгеден бөліп береді. Жағдайын айтқан соң, амалсыз бересің. Жылдап қарызын қайтара алмай отырғандар бар», — дейді Ембі тұрғыны Гүлнара Сабина. 

Халықтың жағдайынан бөлек, ауылдағы инфрақұрылымның да жағдайы мәз емес. Мәселен, ауылға апаратын жолдың тозуы қыста да, жазда да тұрғындарға қиындық келтіріп отыр. «Ауыл тозып тұр. Жолымыздың жағдайы адам жыларлықтай. Қыста қардан, жазда жаңбырдан жүре алмайсың. Ауылда мақтанарлық ештеңе қалмады. Пайдалы қазбаларымызбен де мақтана алмай отырмыз. Ауыл айналасынан мұнай, мыс, алтын шығады. Менделеев таблицасындағы барлық элементтерді ауданымыздан табуға болады.  Жылдар бойы қазба жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ халықта жағдай жоқ. Қыста қардан, жазда балшықтан жүре алмаймыз», — дейді тұрғын Мұратбай Дүйсенбай. 

Ембі қаласының әкімі Мұсағали Райымбектің айтуынша, мұндағы халық саны — 12 850. Бес мектеп бар. Шағын қалада 126 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Тұрғындардың дені астында көлік болса, таксист болып, нәпақа табуға тырысады. Мұнда 50 адам таксист ретінде тіркелген. 

 

[:]