Балқаш қаласында мобильдік топ той өтіп жатқан мейрамхананың ішіне кіру үшін өрт сөндірушілерді шақыруға мәжбүр болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Балқаш қаласының коронавирусқа қарсы күрес үйлестіру орталығына тұрғындардың бірі мейрамханада той өтіп жатқанын хабарлаған. Мобильдік топ дереу мейрамханаға бірнеше минутта жеткен.

 

Алайда мейрамхана ішіне кіру оларға оңай соқпады. Ғимарат әкімшілігі есікті ішінен іліп алып, тексерушілерді кіргізбеген. Сол кезде мобильдік топ мүшелері өрт сөндірушілерге хабарласып, тойхана ішіне терезеден кірмек болады.

“Бүгін сағат 15.30 шамасында жақында ашылған “Айлин” мейрамханасында мобильдік топ той үстінен түсті. Мекеме әкімшілігі қонақтарын іштен жауып, рейд мүшелерін кіргізбеген. Арнайы күштер шақыртылып, ішке терезе арқылы түсуге тура келді”, – деп жазды әкімдіктегілер.

Ондағы ақпаратқа сүйенсек, осы фактіге қатысты хаттама толтырылып, Балқаш қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына жіберілді. Бұл жолы мейрамхана иесі мен ұйымдастырушысынан бөлек, қонақтар да әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.

Рубрика: