АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Азық-түлікті қарызға алып жейтін қандастарымыз көбейіп кетті[:]

[:kz]

 

Таяуда сәті түсіп, азық-түлікпен бірге балаларға арналған сүт тағамдарын сатумен айналысатын атыраулық Кәмшат Әділовамен әңгімелескен едік. Ол кісі соңғы кездері балалар тағамын қарызға алушылардың жиілеп кеткен­дігін айтты.

«Бүгінде жөргекпұл, балалардың жәрдемақы мөлшері аз, – дейді ол кісі. – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 16 мың теңгені көпбалалы ана үшін көп деп жатыр емес пе? Ол көп емес, керісінше, жетпейді. Депутаттар миллиондап айлық алады. Десе де елде әділдік жоқ. Билбордтарға «Жер байлығы – ел байлығы» деп жазып қойып, Елбасы келсе жергілікті қызметкерлер бәрі жақсы деп жүгіріп жүреді. Жоғарыдан адамдар ат басын бұра қалса елдің жанашырларын шақырмайды. Себебі шындықты айтып қояды деп қорқады.

Бірде базарға қатысты бір мәселені айтайын деп базар басшылығына барып қалсам, кабинеттің есігі ашық, ішінде лық толы адам. Сауда-саттықпен айналысатын, сауда нүктесін жалға алушылардың барлығы түгел жиналған. «Мұнда жиналыс болып жатыр ма?» – деп сұрап қоямын. Сөйтсем: «Депутаттар келеді», – дейді. Мен де қатарға қосылып, күтіп отырмын. Біраздан соң әлгілер келді, біраз кәсіпкерлер бәрі жақсы дегенді айтып, сөйледі. Ең соңында мен де сол жерде өз мәселемді айттым. Бірақ, міне, сол мәселем бір жыл болды, әлі шешімін тапқан жоқ. Орнына «шешуге тырысып жатырмыз» деген құрғақ уәдені ғана естимін.

 

Мен өзім балалар тағамын 20 жылдан бері сатамын. «Nestogen», «Малыш», «Малютка», «Sіmіlac», «Nutrіlak» деген сияқты оның сан түрі бар.  Мұндағы «Nutrіlon» Швейцариядан доллар бағамымен келеді. Сондықтан олар қымбат. Оның 800 грамы базарда 4500 теңге, ал ірі сауда орындарында 6000 теңгеден сатылады. Балалардың ағзасы әлі тым жас болғасын кей сүттер балалардың ішін қатырып тастайды. Сондай кезде осы «Nutrіlon», «NAN»  дегендерді алуға кеңес беремін. Бірақ оған бәрінің жағдайы жете бермейді.  

Қазір экологияға байланысты болар, аналардың омырау сүті тез тартылып кетіп жатыр. Сондықтан олар осындай бала сүтін беруге мәжбүр. Дегенмен аналардың ақшасы жетпей қалып жатады. Себебі Қазақстанда жалақы төмен. Бізде миллионер атанып отырғандар депуттатар мен шенеуніктер ғана. Ал қарапайым халықтың айлығы аз.

Өзімнің жасым 60-қа жақындап қалды. Осындай жағдайда жас аналарға үнемдесе екен деп кеңес бергім келеді. «Pampers» секілді жөргектерді алмағаны дұрыс. Өзіміз  осындай жөргектерсіз-ақ бала өсірдік. Біздің кезімізде оның бірі де болған жоқ. Оның зиянды екенін, болашақта балалар ұрпақ сүймей қалуы мүмкін екендігін де айтып жатыр. Қазіргі ата-аналардың көп ақшасы балалар сүтіне және жөргектерге жұмсалады. Әлгіндей дайын жаялықтардың бір қаптамасы 5000 теңгенің шамасында тұрады. Ал сол неге керек? Одан да қазақтың бесігіне салса, кәдімгі мата жаялықтарды пайдаланса, аз да болса ақша үнемдеуге мүмкіндік берер еді. Қазір үнемдемесе болмайтын заман. Одан да оның орнына балаға сүт алса деймін. Қазір, міне, айлықтары жетпейді, менен қарызға алады. Тіпті танымайтын адамдар да сұрайды. Талай адамға сүтіміз тегін кетті. Қарызға деп алып, ақшасын қайтармай кеткендер қаншама!

Өткенде бейтаныс апа келді. Ұлының құжатын беріп, немересіне қарызға осындай бала тағамын сұрады. «Үлкен кісісіз, сізге сенейін, берейін», – дедім. Одан кейін: «Баламның  жалақысы түскен жоқ. Алла деп сөйлейін, айдың басында 67 мың зейнетақымды аламын, сонда төлейін», – деп тағы келіп тұр. Шыдай алмай, бердім. 6000 теңгеге азық-түлік алып кетті. Жақында қайта келді. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл, қызым-ау, зейнетақымнан беремін. Үйде балаларға жейтін нан жоқ», – деп екі келі ұн алып кетті. Неше баласы бар екенін сұрамаппын. Жүрегім ауырса да: «Апа, осы жолы берейін, одан кейін мен сізге қайта-қайта бере алмаймын. Мен де қайырымдылық қоры емеспін ғой», – деп түсіндірдім. Себебі менің де көмектесіп отырған қыздарым, жиендерім, жақындарым бар.

 

Бірақ ол кісінің қарызын ақтаулық Мұхит деген бір азамат жапты. «Facebook» әлеуметтік желісіне осы тұрғыда пікір қалдырғанмын. Астына бір жігіт хабарласуымды сұрап, телефон нөмірін тастапты. Байланысқанымда: «Менің де ақ шашты анам бар, әлгі апаның қарызын жапқым келеді», – деді. Сосын мен оған есеп-шот нөмірін жібердім, ол маған ақшасын артығымен салды. Апамыз мұны естігенде танымайтын азаматқа алғысын жаудырып, сәлемін айтты. «Қарызыңызды бір азамат төледі», – деп артылған ақшасына 5 келі ұн, басқа да азық-түліктер беріп жібердім. Апаның жүзі жас балаша нұрланып, қуанып, мәз-мейрам болып қалды.  

Одан кейін бір келіншек келді. Шаштараз болып жұмыс істейді екен. «Бүгін ақша түскен жоқ, шаш қидырушылар аз болды», – деп сол күнгі тапқан 1500 теңгесін беріп, 2500 теңгелік бала сүтін алып кетті. 1000 теңге қарызының орнына жеке куәлігін тастады. Бірнеше күннен соң бір соғып, 500 теңгесін бергенімен қалған 500-ін әлі бере алмай жүр.

Менің қарызға бала сүтін сұраған қазағыма жаным ашиды. Ен байлықтың үстінде отырып, періште сәбилерге сүт алатын ақшалары жоқ. Халықтың күнкөріс деңгейінің төмендігін осыдан-ақ байқауға болады.

Халықтың жартысынан көбі қарызда отыр. Банкке берешектері бары қаншама! Банкті жоғарыдан қаржыландырады. Ал халықты кім қаржыландырады? Қазір бәрі қымбаттап жатыр. Азғантай айлықпен өмір сүріп отырған адамдар үшін бұл ауыр. Баласының құжатын алып, қарыз сұрап келетін ақ шашты апаларымыз осыдан пайда болады. Мұның бәрі жоғарыға жетуі керек. Содан кейін олар да халықтың жайын түсіне бастар еді». 

…Иә, бүгінде қарапайым халықтың тіршілігі осындай. Әсіресе ауылдық жерлерде азық-түліктің барлығын қарызға алып, қонақты да қарызға күтеді. Жалақы немесе зейнетақы түскенде дүкендерге пәлен мың төлеп, қайтадан осы қалпына кіре бастайды.

Қарызға той-томалақ жасайды, қыз ұзатып, келін түсіреді. Қазір жұрт пәленше тойға шақырыпты десе, қуанбайды, керісінше, қиналады. Қарызға ақша беретін адам іздеп, сабылып кететіні тағы бар.

Қарызға дүние-мүлік, көлік алады. Үйді де сол қарыз­ға алады. «Несие», «ипотека» деген атаулары бар демесеңіз, айналып келгенде бәрі қарыз. Өмірінде қарыз алмаған немесе қарызы жоқ адам көрсек, таңданамыз. Себебі қарызсыз адам жоқтың қасы. Қайтеді, аттап басқанымыздың бәрі ақша. Қиын-ақ…

zamana.kz

 

 

[:]