АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Аяқ-қолы жоқ шымкенттік жетім бала өзін тастап кеткен анасын кешірді[:]

[:kz]

Тумысынан қос қолы, бір аяғы жоқ Нышанбай Оңғарбай 1-топтағы мүгедек. Аяқ-қолға ғана емес, ата-ана мейіріміне зәру боп өскен тірі жетімнің басында тым болмаса бір бөлмелі пәтері жоқ, аяғында жөні түзу протезі жоқ.

Тағдырдың тауқыметін тартып келген ол тағдырын «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтты.

Нышанбай Оңғарбай 20 жаста. Шымкент қаласының тұрғыны. Ол өзінің қиналып жүр. Жалдамалы пәтерде жалғыз тұрады. Бір аяғы екінші аяғынан анағұрлым қысқа. Протезбен жүреді. Қолы болмаған соң, протезді киіп-шешу де Нышанбай үшін оңай іс емес. Тістелеп, шынтаққа жетер-жетпес қолымен әупірімдеп жүріп, киінеді, жуынады, тіршілігін жасайды.

Нышанбай Түркістан облысы, Төлеби ауданы, №7 «Тасарық» балалар үйінің түлегі. Бухгалтер мамандығы бойынша орта арнаулы білімі бар. Нышанбайдың тәрбиешісі Әбдіғали Өтебаев оның бала кезден өте алғыр, өжет, іске епті екенін айтады.

«Бала кезде өте белсенді, өнерге жақын болатын. Ән айтатын. Бір аяғымен секіріп болса да, билейтін, өзгелерге үйрететін», — дейді Әбдіғали Өтебаев.

Нышанбайдың әкесі Мәлік Сыдықбаев бірнеше жыл бұрын өмірден өткен, ал анасы Күлжан Бодановамен ол 10 жасында алғаш рет кездескен.

«Ата-анамды кешірдім. Әкем өмірден өтерде мені не үшін тастап кеткенін түсіндірді. Бәріне кінәлі туыстары. Мүгедек болып туылған соң туыстар қабылдамапты: «Балалар үйіне өткіз, әйтпесе, ажырасасыңдар!» — депті. Ал анаммен, басқа бауырларымды Қызылордаға  өзім іздеп бардым. Бірақ 1-2 күннен соң олармен өмір сүре алмайтынымды түсіндім», — деді ол.

Нышанбай анасымен кездесті. Бірақ бұл кездесу ана үшін де, бала үшін де қуанышты болмады. Баланың анасына деген әлі де реніші барын байқатты: 
«Неше рет қоңырау шалдым, неше рет хабарлама жаздым?.. Сіз не деп жауап бердіңіз?», — деді анасына.

Баласының дауыс көтергеніне көңілі түскен анасы:

«Ананың балаға деген сағынышы жүректе ғой. Бірнеше рет үйге шақырдым. Туыстарымды жиып тамақ бердім. Бірақ балам тәрбиеме көнбеді. Ал қоңырауына жауап бермеген себебім, бірде үйде күйеуіммен бірге жатсам, телефон шырылдады. Көтердім. Қасымдағы күйеуім: «Ол кім?»деп сұрап еді, бұл: «Мен сенің ойнасыңмын!» — деді. Сөйтсем өзімнің балам екен. Содан кейін күйеуіммен арамыз суып кетті. Бұл баламды тастаймын деген ойым болған жоқ, енем: «Мүгедек бала тудың, баланы балалар үйіне тастап кет!», — деді Күлжан Боданова.

«Күйеуім екеуміз жылап жүріп 20 күннен соң баланы амал жоқ сәбилер үйіне апардық. Соңғы рет емізгенім әлі есімде, жүрегім ауырып, әрең қалдырдым. Содан бірнеше жылдан кейін күйеуіммен ажырасып кеттім. Баламды алуға ата-анамды ертіп барып едім таппадым. Екінші рет тұрмыс құрдым. Одан үш балам бар. Барлық балаларымның дені сау. Неге Нышанбайдың сал болып туғанын түсінбедім. Жүкті кезімде күйеуім екеуміз сауда жасадық, сабын саттық. Ауыр сөмкені арқалап жүрдім», — дейді анасы. 

Бала жүрегі бірден жіби қоймағанымен бағдарлама соңында Нышанбай анасын кешірді.

Ал, Нышанбайдың жасанды аяғы яғни протезі соңғы үш жылдан бері ауыстырылмапты. Айтуынша, жиі сынып қалады екен. Үш жылдың ішінде бірнеше рет дәнекерлеуге тура келген. Аяғын қысады, қажайды. Шымкент қалалық әкімдігі Нышанбайдың аяғындағы протезін бір аптаның көлемінде жаңартуға сөз берді.

stan.kz

[:]