АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Аузымды ешкім жаба алмайды»: Қосанов сайлауға түсуден енді қорықпайтынын айтты[:]

[:kz]

«Ұлт тағдыры» қозғалысының өкілі Әміржан Қосанов кез келген жағдайда заң шеңберінде ғана әрекет ететінін жеткізді. Сондай-ақ, көпке дейін сайлауға түсудің қорқып келгенін жасырмады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Журналистер Қосановтан сайлауалды бағдарламасы туралы сұрады. Бірақ ол «сайлауалды үгіт-насихат жүргізді деп» кандидаттар тізімінен шығып кетуі мүмкін екенін айтып, нақты жауап бермеді.      

«20 жыл бойы Қазақстан демократиялық күштері, Қазақстан оппозициясы – 1999 жылы Серікболсын Әбділдин, 2005 жылы Жармахан Тұяқбай қатысқан, одан кейін де қатысқан барша партияның, қозғалыстың негізгі бағыттары – экономика, әлеуметтік сала, адам құқығы, құқықтық жүйе, саяси саладағы реформа, осының бәрін жинақтаймыз. Бұл жерде Америка ашудың керегі жоқ. 20 жылдың ішінде не айтып келе жатырмыз, соның бәрін жинақтап, алдарыңызға бағдарлама етіп ұсынамыз. Әзір айтпай-ақ қояйын, «үгіт-насихат жүргізді деп» тізімнен шығарып жіберуі мүмкін», — деді кандидат.  

Ол президент сайлауына түсуден қорықпайтынын жеткізді.

«1998 жылы қорыққанмын. Оппозицияға кеткен кезде екіқабат әйеліммен келе жатып, түн ортасында мені ұрып кетті. Сол кезде әйелім үшін, оның ішіндегі бала үшін қорыққанмын. Одан кейін қорықпаймын», — деді Қосанов.

Үміткер «Ақорданың жобасы сайлауға түсіп жатыр» деген ел арасындағы сөздің нүктесін қойды.  

«Мен айтайын, 1999 жылы сайлауға түскен Серікболсын Әбділдин «Ақорданың жобасы» болды ма? 2005 жылы шыққан Алтынбек Сәрсенбай, Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, мен, Ермұрат Бәпи қатысқан «Әділетті Қазақстан» жоба болды ма? Сондықтан шетелде отырған біраз ағайынға айтқым келеді, қойыңыздар. Біз елдің ішінде жүрміз, заңның негізінде сынасақ та, Конституция негізінде әрекет жасаймыз. Ел бар, халық бар, осы халықтың дауысы билікке жетуі керек. Президентті халық өзі сайлауы керек деген оймен келіп отырмыз.

Менде қорқыныш жоқ, айналайын. Менде үміт бар. Билік бізді тіркеу арқылы үлкен қадам жасап отыр. Біраз адамдар «Қосановты тіркей ме?» деп айтты.  Мәселе Қосановта емес, мәселе менің өмірбаянымда, артымда кімдердің тұрғанында. Жүрген жерімде Алтынбекті, Заманбекті, осы күнге дейін түрмеде отырған азаматтарды айтамын. Осы сайлауға түсіп отырмын. Менің аузымды ешкім жаба алмайды. Тағы да қайталап айтамын, сайлау заңнамасын толықтай мойындап, сынасақ та, сол заңнама аясында қызмет жасаймыз», — деп жауап берді Қосанов.

Stan.kz

[:]