АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ауыс-түйіс: Мәсімов пен Есімов Павлодар облысына бастық болып барды[:]

[:kz]

Қос құрылымның тізгінін Қазақстанның саяси сахнасында салмағы тым ауыр текті, яғни фамилияны иеленген азаматтар ұстады.

Осы аптада Павлодар облысындағы екі үлкен департаменттің басшылары ауысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қос құрылымның тізгінін Қазақстанның саяси сахнасында салмағы тым ауыр текті, яғни фамилияны иеленген азаматтар ұстады. Дәлірек айтсақ, Павлодар облыстық Полиция департаментіне Нұрлан Мәсімов тағайындалса, Павлодар облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментке Бауыржан Есімов басшы болып келді. Сондықтан шығар, Есімов пен Мәсімовтің тағайындалуы көпшілікті елең еткізді. Бірақ, олардың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке туыстық байланысы бар-жоғы әлі белгісіз.

Полиция полковнигі Нұрлан Мәсімовті ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзі Павлодарға арнайы келіп таныстырды. Бұған дейін бұл қызметті полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров атқарған болатын. Белгілі болғандай, ол министрліктің орталық аппаратына ауыспақ.

Нұрлан Мәсімов 1973 жылы туған. Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бастап қызмет етеді. 9 жыл бойы Алматы облысы және Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Биылғы мамыр айында Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратына департамент бастығы болып ауысқан. Енді, міне, Павлодарға табан тіреп отыр.

Бір қызығы, Нұрлан Мәсімов өзімен бірге су жаңа орынбасарын ала келіпті. Оны да министр таныстырды. Полиция полковнигі Фархад Омаров Павлодар облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары болып қызмет атқаратын болады.

Ал Павлодар облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Бауыржан Есімовті өңірлік әкімдікте өткен жиында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов таныстырды. Ол осыған дейін облыстық департамент бастығының орынбасары болып еңбек еткен.

Бауыржан Есімов 1979 жылы дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы Ақмола облысында түрлі басшылық қызметтер атқарған.

[:]