Ене мен келін арасындағы ерегіс, тартыс ешқашан таусылмайтын шығар. Келіндер ғана емес, теперіш көріп жүрген енелер де бар. Соның бірі – Талдықорған облысында тұрады екен. Келінінен қорлық көрген ене туралы Інжу есімді әйел ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді: «Көзіммен көргенім ішіме сыймай барады.

Мына өмірде ішіңнен шыққан балаңнан бақыт көрмеу, келініңнің сөзіне, таяғына көнуден асқан қорлық жоқ шығар. Менің енемнің ағасы бар еді. Бірнеше жыл бұрын дүние салды. Сол ағамыздың кемпірінің көзі тірі. Жасы сексеннің сеңгірінен асты. Бірақ көрген күні күн емес. Баласы екі күннің бірінде арақ ішіп келеді. Ал келіні болса ененің басына әңгіртаяқ ойнатып отыр. Әу басында келінді аяушы едік. Күйеуі болса ішеді, үйінде береке жоқ деп ойлайтынбыз. Алайда сол берекені қашырып отырған келіншектің өзі екеніне көз жеткіздім. Ана болған соң әрбір баласының орны бөлек.

Біреуіне бір зат болса да бергісі келіп отырады емес пе? Ал оны келін дұрыс түсінбейді. Даудың басы осындайдан шығады. Сөйтіп келіншек оны күйеуіне айтады, күйеу әйелдің сөзін сөйлейді. Содан ішіп келіп шешесіне қарсы шығады. Ол үйдегі берекесіздікті бұрыннан білетінбіз. Көп жағдайда бара қоймайтынбыз. Өйткені ұрыс-керістен емін-еркін отыра алмайсың.

Бірақ жақында ол үйдегі оқиғаны көзбен көріп, жағамды ұстадым.

Келіні қартайған енесін жалғыз қалдырып, өзі балаларын ертіп қалаға кетіпті. Дәл сол кезде енесі тұмау боп қатты ауырып жатқан екен. Бір аптаға кетіп бара жатқанын ескертпеген. Күйеуі әдетінше араққа сылқия тойып алып ештеңемен шаруасы болмаған.

Қария аш, тұмау, дене қызуы көтеріліп, қан қысымы жоғарылап, біраз қиналған. Әйтеуір 3-4 күн қатты әбіржіп қалыпты. Біздің үйге телефон соқты. Басқа балалары елдің әр түкпірінде, басқа қалаларда тұрады. Жағдайын естіген соң біз әжені үйінен алып кеттік. «Жедел жәрдем» шақырып, дәрі-дәрмегін әперіп, ем-шаралар жасадық. Сауыққанша бірнеше күн біздің үйімізде бола тұрсын деп шештік. Келіннің әзір келетін түрі жоқ.

Не де болса біздің үй қайын сіңлісінің үйі ғой, еркін отырар дедік. Екі аптадай біздің үйде болды. Жарытып тамақ ішпейді екен, шай да ішпейді, бар болғаны қайнаған қара су. Ешкімге салмақ салмайды. Үйдегі әжетханаға өзі кіріп-шығып жүрді. Келбеті ажарланып, үйдегі балалармен көңілі алданды.

Көршілерінен келіннің қаладан келгенін естіген соң әжелерін үйіне апарайық деп барғанбыз. Өмірімде көрмеген жағдайдың куәсі болдым. Шынымды айтайын содан бері ұйқым қашты. Әжейдің келіні: «Неге әкелдің бұл кемпірді?», – деп қарсы алды. «Өзінің шаңырағына әкелдім!» – дедім.

«Керегі жоқ, әкелген жағыңа кері әкет! Мұздай бөлмеге ас-су бермей қамап тастай сал! Сол жерде өлсін!» – деді қыңқ етпестен. Абдырап қалдым. Ақымақ па, мынау не деп тұр деймін іштей. Естіген сөздерім рас па, өтірік пе? Мұндайды бұрын кім көрген? «Жұрттың бәрі тұмаудан өліп кетіп жатыр. Ал бұл кемпір өлмейді де екен. Осының жағдайын жасап-ақ өлетін болдым. Қанша жылдан бері бағып келе жатырмын. Бір алғысы жоқ. Бар жиғанын сырттағы балаларына беріп жіберуге құмар. Неше жыл баққан еңбегімнің еш кеткені ме?» – деп гүрс еткізді.

«Е, дүние екен ғой ішіңді тесіп бара жатқан?» – дедім мен де. Келін ашудың үстіне мінді. Мені итеріп жіберді.

Енесін де жұлқылап, есіктен шығарып, есікті жауып алды. Көзім шарасынан шыға жаздады. Күйеуі әйелінің айтқанынан шықпай қалған екен. Анасына бір жылуы жоқ. Әйелінің сөзін жақтап өліп бара жатыр.

«Айналайын-ау, ең болмағанда дүниеден өткен қайын атаңның әруағын құрметтесеңші!» – дегенім сол еді, одан сорақысын естідім. Естігеніме құлағым сенер емес. «Ата дейсің бе? Көрінде тыныш жатпасын! Көрінде өкірсін!» – деді. Мынауың өлген адамды сыйлай алмай тұр. Тіріні қалай бағаласын? Қатты ызаландым. «О, тоба! Сақтай гөр! Мұндай кесапат келіннен сақтай гөр!» дей бердім. Дені, ақыл-есі орнында емес-ау деп ойладым. Он жерден сөйлесін, жаман болсын, үлкеннің аты – үлкен. Оларға қарсылық танытатын, қол жұмсайтын біз кімбіз? Қайдан шыққанымызды ұмытып кететініміз қиын ғой. Әлгі келіншекті қашан көрсең де дүниеге тоймайтынын байқаушы едім. Қашан көрсең де, «жоқ, жоқ» дей беретін.

Осы келіншектің бір шүкіршілік ететін дүниесі жоқ па екен деп ойлайтынмын. Дүниеге деген ашкөздік әбден жеп біткен екен ғой. Осы жолы соған көзім жетті. Балаларына қалай үлгі болады екен? Оның үстіне бір тиын табыс таппайды. Күйеуі де, өзі де. Бұған дейін тек зейнетақыға өмір сүріп келе жатыр.

Дым ұялмайды да. Өзінің еңбегі үшін қариялардың ақшасын жұмсауға міндеттімін деп қояды. Мүлдем түсінбедім. Біз де ата мен енеге қарап отырған жандармыз ғой. Бірақ ол кісілерге қажетті дәрі-дәрмегін, ұнатып жейтін тағамдарын алуға жұмсаймыз. Кейбір ата-аналар қарттар үйіне бекерге кетпейді екен ғой. Көзі жаутаңдап әже маған қарады.

Мен оны кесапат келіннің қолына тастап кете алмадым. Әжейдің біздің үйде тұрып жатқанына бір жылдан асты. Оның басқа қалада тұратын ұл-қыздары хабардар, бірақ ешқайсысы келмеді. Әже әлі күнге дейін «Мен сендерге салмақ болдым-ау. Қарттар үйіне апарыңдаршы» деп, ыңғайсызданып отырады. Оның бізге ешқандай ауырлығы жоқ. Тек өзі перзенттері бола тұра өзгенің үйінде жүргеніне қысылып-қымтырыла береді. «Ұлдардан үміт жоқ, тым болмаса қыздарымның бірі кеп қалар» деп қарт ана күтіп жүр…»

 

Рубрика: