АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]Атыраулық аспаз: «Назарбаевқа ас дайындағанда екі күн бұрын тексерді»[:]

[:kz]

 

Атыраулық 27 жастағы аспаз Бағдат Қадыров Нұрсұлтан Назарбаевқа түскі ас дайындап беріп, Премьер-министр Асқар Мәминмен бірге арнайы пойызбен Қытайға аспаз ретінде барып келген. Көптеген өнер жұлдыздары мен лауазымды тұлғаларды өзінің дәмді асын ұсынып жүрген белгілі аспазбен Express Qazaqstan тілшісі әңгімелесті.

Өмірін күрт өзгерткен оқиға

instagram.com/bagdat_cook
instagram.com/bagdat_cook

Қарапайым мұғалім мен автомеханниктің отбасында дүниге келген Бағдат бала кезінде аспаз боламын деп мүлдем ойламаған. Қазақ эстрадасының жұлдызы Сембек Жұмағалиев пен Бағдаттың әкесі бір туған. Сондықтан болар, бала Бағдат көптің ықылысына бөленгісі келіп, актер болуды армандаған. Алайда үшінші сыныпта жүргенде, оның өмірін күрт өзгерткен оқиға болды.

— Көшеде ойнап жүргенде қаңғыбас ит қауып алды. Қатты қорыққаным соншалықты, сөйлей алмай қалдым. Содан тұтыға бастап, өз-өзіммен тұйықталып, сыныптастарыммен сөйлеспейтін болдым. Осылайша бір минутта өмірім күрт өзгерді. Кейін тіс дәрігері болуды ойлап едім. Онымен 5-6 жыл оқығым келмей, аспаздыққа түсіп кеттім. Не итермелегенін білмеймін, осылайша аспаздыққа бет бұрдым, — дейді Бағдат.

«Бұл еркектердің жұмысы емес!»

Аспаздар тобында 28 ұл мен үш қыз болса, батыстан тек қана Бағдат келген. Тіпті өзінің достары да, Бағдаттың аспаз емес, мұнайшы болады деп ойлаған екен.

— Әрине, аспаздықты еркектің жұмысы емес дейтіндер болды. Әлі де солай ойлайды. Бірақ мен өмірде өз орнымды таптым деп ойлайымын. Адам сүйікті ісінен ләззат алады ғой. Өзімнің көптеген авторлық тағамдарым бар. Бәрі мақтайды. Тіпті арнайы іздеп келетіндер де бар. Сонымен қатар, ата-анам менің әрбір жетістігіме марқайып отырады, мен үшін сол маңызды, — дейді жас аспаз.

Бағдаттың алғашқы пісірген тамағы әлі есінде. Анасы жұмысқа кетерде тауық пісіруді тапсырып кеткен. Алайда тауықты пешке қойған Бағдат тамағын ұмытып кетіп, күйдіріп алады.

— Тауықты пештен шығарып, қағазға орап, қоқысқа тығып қойдым. Дүкенге барып, қайтадан тауық сатып алып, дәмді қылып пісіріп қойдым. Кешкі ас бәріне ұнады. Ал «қылмысымды» ешкім білмей қалды, — дейді Бағдат.

— Өзің айтқандай, елімізде еркектердің ас дайындағаны әлі де ұят саналады. Осы стеротип туралы не ойлайсың?

— Әрине, әйел — ас үйдің жүрегі. Бірақ ер адам пісірген тамақ үнемі тәтті шығады. Себебі бір рет тамақ пісіргенде бар өнерін салады. Жалпы шетелде мейрамханадағы бас аспаздың көпшілігі — ер адам. Өйткені ас үйдің жұмысы ауыр: 10 сағаттан астам уақыт ыстық жерде жүресің. 20-30 адам әртүрлі тамаққа тапсырыс берген кезде, оларға 15 минутта дайындап беруің керек. Мұндай қиындықты тек ер адамдар ғана жақсы көтереді.

«Қамыр кесіп, макарон үрледім»

— Кәсіби мейрамханадағы алғашқы күндеріңіз қалай өтті?

— Басында аспаздың көмекшісі болдым. Бас аспаздың ұлты ұйғыр. Ол мені жақсылап үйретті. Аспаздықты жаңадан бастайтындарға айтарым — ең бірінші қасапшылықты игеріңіздер. Өйткені бас аспаз алдына келген етті ажырата білуі керек. Ет пен сүйектің қосылған жерін біліп, еттің жұмсағын бөліп алып, сүйектерін әдемілеп шығарған жөн. Осы жерде кәуап пісіруді үйрендім. Ол да бір кәсіп. Бірақ бәрібір бір нәрсе жетпейтін секілді. Білімімді жетілдіріп, өз-өзімді дамыту үшін Дубайға барып, аспаздық оқуды жалғастырдым. Әлі есімде, мені мейрамханаға тағылымдамаға жіберді. Ол жерде өз ісінің шеберлері жұмыс істейді. Өздері қу. Біреуі келіп, 1 келі күріштің ішінде неше түйір болатын санауды тапсырды. Мен 5 минуттай санап тұрдым. Кейін бәрі күлген кезде, мұның әзіл екенін түсіндім. Бір күні 1 келі ұнды төртбұрыштап турауды тапсырды. Сосын макаронды үргізіп қойды. Осындай әзілдері бар, оған ренжіген емеспін.

— Нұрсұлтан Назарбаев пен Асқар Мәминге ас дайындап беріпсің…

instagram.com/bagdat_cook
instagram.com/bagdat_cook

— Елбасы Mega сауда, ойын-сауық кешені ашылған кезде Алматыға келді. Екі күн бұрын барлық тағамдарды тексеріп, сынама алды. Елбасы балықты, теңіз тағамдарын жақсы көреді. Біз оған сибас балығын жеміс-жидек соусымен дайындап бердік. Сол кезде елбасыдан бір метрдей жерде тұрып, ол сенің тамағыңды жеп жатқан кезде, бойыңды ерекше сезім билейді. Оған тамағымыз ұнады. Сонымен қатар «ҚазақстанТемірЖолы» АҚ-ының сол кездегі президенті Асқар Маминмен бірге арнайы пойызбен Қытайға аспаз ретінде барып келдім.

«Қазақстанның асханасын дамытқым келеді»

— Болашақта Мишлен жұлдызын алғың келеді ме?

— Бұл жұлдызды Қазақстанда әлі ешкім алмаған. Білесіз бе, Италиядағы достарымның айтуынша, бұл жұлдызды сатып алуға болады. Сол себепті оны иеленуге талпынбаймын. Мен қазақ халқының жүрегін шетелдік атақпен емес, қолжетімді әрі дәмді астарыммен жаулағым келеді.

— Ұлттық тағам түрлеріне бай болса да, Қазақстанда аспаздық өнер дұрыс дамымаған деп жатады…

— Иә, өкінішке орай, солай. Себептерінің бірі — бізде шетелден келген аспазға аузын ашып қарайды. Елімізде Түркияның аспаздары өте қатты бағаланады. Олар айына 5000 доллардан артық жалақы алады. Мәселен, Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйдің бас аспазы — Түркия азаматы. Ал жергілікті аспаздардың жалақысы едәуір төмен. Бірақ өз елімізде де олардан асып кететін тамаша аспаздар бар. Өкінішке қарай, Италияда пияз аршып, Францияда салат жасап жүрген аспаз Қазақстанға келіп бас аспаз болып кетеді. Ас мәзірінде бас аспаз Италиядан келген деп жазылып тұрса, мейрамхана үшін мәртебе санайды. Ал келген қонақтар оның өз елінде жәй аспаздың көмекшісі екенін қайдан білсін.

Бағдат қазір Атырауда мейрамхана ашып жатыр. Болашақта еліміздің үлкен қалаларында жеке мейрамханасын ашуды армандайды.

 

[:]