Атырау облысында дәретханада босанып, шақалақты сонда тастап кеткен 31 жастағы әйел мемлекеттік мекемелердің бірінде тазалықшы болып жұмыс істеген. Ол жүкті екенін туыстарынан да, дәрігерлерден де жасырып келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Қызынан қан кетіп жатқанын байқаған анасы жедел жәрдем шақырған. Бірақ келіншек дәрігерге қаралудан да, ауруханаға барудан да үзілді-кесілді бас тартқан көрінеді. Көршінің қызы дәретханадан баланың дауысы шығып жатқанын анасына айтқан соң ғана шындықтың беті ашылған. Нәжіске батқан нәрестені ақ халаттылар әрең алып шықты.  

“Әйел жүктілігін жасырып жүрген, есепке тұрмаған. 3-4 үй бір дәретханаға баратын жер үйлер болады ғой, сондай ағаш дәретханада болған. Бала қақ ортаға түскенде нәжіске батып кетер ме еді, қайта жарға қарай түсіпті. Баланы жуындырып, ақырын-ақырын жылытты. Рентгенге түсірдік, өкпесі таза”, – дейді Индер аудандық ауруханасының бас дәрігері Анар Доспаева.

Мемлекеттік мекемелердің бірінде тазалықшы болып еңбек ететін келіншек күні кешеге дейін жұмыста болған. Қызметкердің жағдайын әріптестері де байқамай қалыпты. Әріптестері оны біртоға, артық сөзі жоқ жан дейді. Бұрын-соңды тұрмыс құрмаған. 10 жастағы бір баласы бар көрінеді. Анасымен бірге үй жалдап тұрады.

Қазір полиция Қылмыстық Кодекстің “Қауіпті жағдайда қалдыру” бабымен іс қозғады.

 

Рубрика: