Әлеуметтік желілерде Атырау облысында балабақшадағы балаларды жаппай улауда деген хабарлама таралды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Желіде таралған ақпаратқа сәйкес, оқиға Құлсарыдағы “Әсем” балабақшасында орын алған. 

 

Бұл жағдай туралы  Жылыой аудандық білім бөлімі пікір білдірді. Құзырлы органдардың мәліметінше, мекемеде жәндіктерге қарсы зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген. 

“Әсем” балабақшасында 10 қыркүйек күні “ЖылыойДезсервис” мекемесі дезинфекция (жәндіктерді улау процедурасы), яғни маса улау жұмыстарын жүргізген. Маса улау шарасы кешкі сағат 17.00 шамасында, яғни, балаларды ата-аналар алып кететін уақытта жасалды. Балалар аулада тәрбиешілерімен бірге болды”, – делінген хабарламада.

Сөзінше, ата-аналардың бірі жалған ақпарат таратып жіберген. 

“Маса улау жұмысын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген ата-ананың баласы 10 қыркүйекте балабақшаға келмеген. Анасы кешкі сағат 18.00 шамасында балабақшаға баласының киімдерін алып кетуге келген. Ескертуге қарамастан, “балаларды улап жатыр” деген бағытта жалған ақпарат таратып, видео түсірді. Балабақшаға қатысты жалған ақпарат таратқан ата-анаға шара қолдану үшін “Әсем” балабақшасы тарапынан құқық қорғау органдарына шағым түсіріледі”, – деді білім бөлімінің өкілдері. 

 

 

Рубрика: