01 апреля, 2019 Comments Off on Атырауда әйелдің аяғына аңдаусызда оқ атып жіберген полицей “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған

Атырауда әйелдің аяғына аңдаусызда оқ атып жіберген полицей “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған

Атырауда әуежайда аңдаусызда әйелдің аяғына оқ атып жіберген полицей бұрын «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Әуежайдағы жайтқа байланысты өткізілген брифингте оқиғаның мән-жайы айтылды.

Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды. 

ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің басшысының орынбасары Марат Әлкеновтің сөзінше, әуежайдағы оқиғадан кейін қызметінен босатылған полиция сержанты Мамбетияров органдарда 2007 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 

«Осы уақыт ішінде ешқандай айыптауға тұрарлық әрекет жасаған емес. Сонымен қатар 2011 жылы 6 адамды құтқарып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Өткен аптада полионда болып, атудан «үздік» нәтиже көрсетті. Яғни қаруды ұстауды білетін. Оның үстіне қалайша осылай болғаны түсініксіз. Тергеу анықтайды», - дейді Марат Әлкенов. 

Өз сөзінде ол қазіргі уақытта ҚР ҚК 371-бабына (Салғырттық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, қаралып жатқанын айтты.

Қазіргі уақытта бұрынғы полиция қызметкері өз үйінде. Оның екі баласы бар. Жұбайының үшінші перзентіне аяғы ауыр. 

ІІМ өкілі зардап шеккен әйелдің халін білу үшін ауруханаға барғанын айтты. Оның құқық қорғаушы мен органдарға шағымы жоқ. 37 жастағы Наталья Дажук ақылы палатаға ауыстырылған. Оның шығынын ведомство өз мойнына алды.

Еске сала кетсек, 29 наурызда Атырау халықаралық әуежайында полиция қызметкері абайсызда әйелдің аяғына оқ атып жіберген еді. Ол қаруды тексермек болған екен. Полицей оқиғадан кейін қызметінен қуылды.

Stan.kz 

Загрузка...

Комментирование закрыто.