Қытайдан қоныс аударған қазақ (хирург – ред.) медицинадағы мансабын базардағы сауда-саттыққа алмастырған. Қандасымыз еліміздегі тіл мәселесі оның кәсіби қызметін жалғастыруына кедергі болғанын жасырмай айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Басылым мәліметінше, 2007 жылы Қытайдан тарихи отанына оралуды көздеген Әлімтай Әбеусейіт бірден Қазақстан астанасына көшіп келген. Қытай жерінде туып өскен қандасымыз Құлжадағы жоғарғы оқу орнын медицина мамандығы бойынша тәмамдаған. “Құлжадағы медициналық колледждің (университет – авт.) жалпы медицина факультетін бітірдім.

Төрт жыл УДЗ-ға (УЗИ) түсіретін маман ретінде жұмыс істедім. Содан соң 8 жыл хирург болып еңбек еттім. Көкірек, құрсақ ауруларына операция жасайтынмын.

Қытайдағы Іле-Қазақ автономды округіндегі Күнес ауданының ауруханасында жұмыс істедім. Ол жақта шамамен 120 мыңнан аса қазақ тұрады”, – дейді Әлімтай мырза. 

Алайда, Әлімтай Әбеусейіт тарихи отанына оралған соң медициналық қызметін жалғастыра алмаған. Еліміздегі қос тілділік дәрігердің кәсіби жолына тосқауыл болған екен. “Қазақстанға келгеннен кейін өз мамандығым бойынша кәсібімді жалғастыра алмадым. Себебі, тіл білмедім. Қазақ емес, орыс тілін білмедім. Ол уақытта мұнда қазақ тілінде сөйлейтіндер өте аз болатын. Көпшілігі орысша сөйлейтін.

Біз орысша сөздерді тек теледидардан еститінбіз. Біз тұрған жерде орыстар мүлдем болған жоқ. Қазақстанда дәрігерлердің жұмысы орыс тілінде жүргізілетін, қазір де солай. Қытайда тек өз тілінде. Менде тіл үйренетін уақыт болған жоқ. Өйткені, отбасымды асырауым қажет. Оған қоса, мен келген тұсата дәрігерлердің айлығы да аз болды. Әрине жалақыны сылтау қылмай, жұртпен бірге күн көруге болатын еді. Бірақ бұл жерде барлық мәселе ең бірінші кезекте тілге келіп тірелді. Қазақстанға оралған соң, еліме кішігірім болса да, пайдам тисе екен деп армандаған едім, бірақ бәрі мен ойлағандай болмады”, – дейді қандасымыз.

Әлімтай Әбеусейітке таныстарынан қалалық емханаға жұмысқа орналасу туралы ұсыныс түскен екен. Алайда, ол кезде де қызметтен бас тартуға тура келген. “№2 қалалық емханаға жұмысқа орналасудың бір-екі амалын қарастырып, қол ұшын созған азаматтар болды. Бірақ, менің барғым келмеді. Себебі, құжат толтыру керек деген мәселе бар. Дәрігерлер ауру тарихын жазуға міндетті. Оны жаза білмесем, қалай жұмыс істеймін? Мен тек қана операция жасаймын деп қол қусырып отыруға болмайды”, – деді ол. Отбасының қамын ойлаған қандасымыз көп ұзамай бауырларына еріп, базарға сауда-саттық жасауға шыққан.

Алғашқыда тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек тауарларды сатумен айналысқан. Дегенмен, ол жерде де тілге қатысты қиындықтарға тап болған.  “Саудаға шыққанда да біраз кедергіе тап болдым. Тауардың атын да, бағасын да орысша айта алмаймын. Біреу орысша сұрақ қойса, бетіне қарап тұратынмын, не айтып жатқанын түсінбейтінмін. Әлі күнге дейін орысшаны толық түсіне бермеймін. Бірақ өзімнің сатып тұрған тауарларымның атауы мен бағасын айтуды үйрендім”, – дейді саудагер.

Әлімтай Әбеусейіттің әулетінде әкесі де, туған бауырлары да медицина саласында еңбек еткен жандар. Алайда қандасымыздың ағасы да, інісі де елдегі тіл мәселесінің құрбаны болғандықтан, нәпақасын базардан тауып жүр. “Інім де, ағам да дәрігер. Бәріміз сол тіл білмегендіктен саудаға шықтық. Біздің әкеміз Күнестегі аурухананың басшысы болған адам”, – дейді ол. Әлімтай Әбеусейіт келешекте өз клиникасын ашуды армандайды. Халық емшілігін де жетік білетін маман бұл мақсатын жүзеге асыру үшін әзірге қаражат жинап жүрген жайы бар.

kaz.nur.kz

 

Рубрика: