АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Астаналық оқушы сиқырлы таяқ ойлап тапты[:]

[:kz]

Тоғызыншы сыныпта оқитын Әлихан бұл құрылғыны жасау үшін бір ай уақыт жұмсаған. Ол өзі ойлап тапқан таяқты мектеп қабырғасындағы STEM-лабораторияда жасап шыққан.
Астанадағы №73 мектептің оқушысы Әлихан Рахметов ойлап тапқан таяқ көзі көрмейтін зағип жандар үшін таптырмайтын құрал болмақ.
«STEM-лабораториясы Қазақстандағы мектептер мен арнайы білім беретін мекемелердің жанында жұмыс жасап келе жатқан авторлық бағдарламалық жоба», — дейді бағдарлама өкілі Заңғар Мұратханұлы. Оның айтуынша, бүгінгі таңда STEM-лабораториясы республикамыздағы 300 білім беру мекемелерінің жанында жұмыс істеп тұр.

Олардың әрқайсысында дерлік жаңа робототехнология негізінде балаларға білім берілуде. «Әлихан жасап шығарған таяқ аталмыш жобаның мақтауға тұрарлық көрсеткіші», — дейді Заңғар Мұратханұлы.
Өнертапқыш Әлихан жасаған робот таяқ датчиктер мен динамика арқылы жұмыс істейді. Таяқты қолданушы зағип жан, жолында кездескен 1 метрдегі бөгетті дыбыс арқылы біледі. Сонымен бірге электронды құрылғы адамның айналасындағы бөгетті 90 градуста көрсетеді. «Таяққа таңылған датчик, жолдағы бөгетті көргенде дереу дыбыс береді.

Таяқтың ұшына динамика арқылы сигнал беретін  ультрадыбысты сенсор орнатылған. Біз арнайы 4 000 герц жиілікке қойдық, ол кез келген жерде де, тіпті қала ортасындағы шулы аймақтарда да анық естілетін болады», — дейді оқушы.
Бір қызығы, таяқ өте қарапайым заттардан жасалған. Өнертапқыш алдымен таяқ болар білікті небәрі 500 теңгеге сатып алған. Ал электронды жабдықтар мектеп лабораториясында бар болып шықты. Әлихан алдын ала сызба арқылы қағазға түскен жобаны рет-ретімен тізбектеп, таяққа орнатқан.
Таяқ ұзақ мерзімді батарея арқылы қуатталады. Қолданушы оны үй жағдайында еш қиындықсыз қуаттап алады. Толық қуатталған кезде, қуат көзі бір аптаға жетеді екен.

Өнертапқыш оқушының бұл жобаны жасауына STEM-зертхана ұстазы Жанат Нұғыманов бағдар берген.
«Әлихан өте алғыр бала, оған үлкен үміт артып отырмыз. Ол былтырдан бастап жаңартылатын энергия көздері, түрлі кішкентай су электр стансалары туралы көп білгісі келеді. Оның кейбір тың ойлары, бізді де таңғалдырып отыр», — дейді жетекшісі Жанат Нұғыманов.
Қазақстандық үлгіде алғаш рет жасалып отырған сиқырлы таяқ, келешекте барша зағип жандардың қолында болуы тиіс.

Себебі шетелдің қымбат құрылғыларына қарағанда Әлихан жаса-ған таяқ қолжетімді. Тағы бір ерекшелігі, қажет болған жағдайда ультрадыбысты сенсорды кез келген тұтынушының таяғына орнатып беруге болады екен.
Әлихан өзі ойлап тапқан ақылды таяқты патенттеп, арнайы түрде сатылымға шығармақшы

. Егер көпшіліктен қолдау тауып, жоба алға жылжитын болса, таяқты құрастыратын және қызмет көрсететін орындарды ашу да ойда бар.
Б.ХАБАЙ

kazakhstanzaman.kz

[:]