АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Астана әкімі бес баланың өлімінен кейін шұғыл отырыс өткізді[:]

[:kz]

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Көктал-1 тұрғын алабындағы өртте бес баланың қайғылы қаза болуына байланысты шұғыл кеңес өткізді. Ол зардап шеккен жанұяға материалдық көмек көрсетілетінін айтты деп хабарлайды NUR.KZ.

«Қайғылы оқиға болған жанұяға қайғырып көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнын көріп қайтты, психологтар мен әлеуметтік қызмет мамандары көз жұмған балалардың ата-анасымен жұмыс істеуде. Сарыарқа ауданы әкіміне жерлеу рәсімін өткізуге көмектесу, материалдық көмек көрсету туралы тапсырма беремін», — деді қала әкімі.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Марғұлан Аманбаев осыған дейін Көктал-1 тұғын алабында өрт пен басқа да төтенше жағдайларды болдырмау үшін алдын алу жұмыстары жүргізілгенін айтты.»Бұл үйге де Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері келіп, тиісті ескертулер жасады. Оларды жою жөнінде нұсқау да берілді», — деді Аманбаев.

Бақыт Сұлтанов аудан әкімдері төтенше жағдайлар және полиция департаменттерімен бірлесе отырып, тұрғын үй секторын аралап, әрбір үйді өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тұрғысынан тексеруін талап етті.

«Бұл сіздердің тікелей функционалдық міндеттеріңіз. Мен қайта-қайта естеріңізге салып отыруға тиісті емеспін. Бұл істі бұрын атқару керек еді. Бұл төтенше жағдайлар департаментінің қателігі. Сіздер мұндай үй тұрғындарының есімдерін де жатқа білулеріңіз керек», — деді ол.

Қала әкімі құзырлы органдарға қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтауды тапсырды.

Айта кетейік, 4 ақпан күні түнде Сарыарқа ауданы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шыққан. Нәтижесінде 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылы туылған бес бала қаза тапты. Олардың ең кішісі тек үш айлық болған.

NUR.KZ.

 

 

[:]