Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қалай тұрақтандырылғанын айтты деп хабарлайды Nege.kz

Спикердің айтуынша, қазір алматылықтар 18 түрлі өнімді қолжетімді бағамен сатып ала алады. Ал мұның бәрі бағаны реттеу мүмкіндігінің және Алматының тұрақтандыру қорының арқасында. 30 маусымға дейін жұмыртқаның шекті бағасы белгіленген болатын.

Еркебұлан Оразалин мәлім еткендей, Алматы қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорының қаражаты 8-ден 10 млрд теңгеге дейін, орналастырылған «айналым» қарыздары 7-ден 8,5 млрд теңгеге дейін артты.

«Өнімнің жалпы көлемі 73,4 мың тоннаны құрайтын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 атауы қамтылды. «Магнум» және «Тоймарт» сауда желілері, Алматы қаласының тауар өндірушілері «Ақсай» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС және Алматы облысының тауар өндірушілері «Union Products» ЖШС, «MPS» ЖШС, «Асыл Meat» ЖШС тартылды», – деді Еркебұлан Оразалин. 2020 жылдың қарашасынан бері 14 мың тоннадан астам көкөністі (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) сақтауға қою жұмысы іске асырылды. Бұл, азық-түліктерді бүгінде «Магнум» сауда желісінен белгіленген әлеуметтік баға бойынша алуға болады. «Аталған көкөністі нарықтың орташа бағасынан төмен баға бойынша сақтауға қоюды іске асыру, жалпы алғанда, қала бойынша аталған көкөніс қатарларының бағаларын тұрақтандыру мүмкін болды», – деп толықтырды ведомство басшысы.

Бүгінде «Магнум» және басқа да сауда желілерін 22 мың тонна көкөніспен қамтамасыз ету үшін 2021-2022 жылғы маусымаралық кезеңге көкөністі «форвардтық» сатып алу туралы 2,5 млрд теңгеге келісім жасалды.

Қаланың 7 негізгі азық-түлік базарында: «Көк базар», «Жаңа Ақбұлақ» (көтерме базар), «Сары-Арқа», «Тастақ», «Таусамалы», «Алматы-1», «Түрксіб» жәрмеңкесінде «Әлеуметтік дүкендер» ашылды.

Онда «Алтын Орда» базарының көтерме бағалары бойынша әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарларының 10 атауы сатылады.

Бұл базарлардан картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, қарақұмық, күнбағыс майы, күріш, кеспе, ұнды арзан бағаға сатып алуға болады.

Еркебұлан Оразалин бұл сату нүктелерінің тұрақты түрде жұмыс істейтінін атап өтті.

Сонымен бірге Түркістан облысынан қырыққабаттың жаңа өнімінің жеткізілуін ұйымдастыру мәселесі пысықталуда.

«Қазір біз тұрақтандыру қорына 500 тонна күріш пен 300 тонна қарақұмық жармасын сатып алуды жүргізіп жатырмыз. Оған қоса,сатып алынатын өнімнің атауы мен көлемін арттыру мәселесі пысықталуда», – деп хабарлады басқарманың басшысы.

Е. Оразалин бағаны көтеруге себеп жоқтығын алға тартты. Әкімдіктің Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы әлеуметтік маңызды тауарлардың барлық түрлері бойынша баға тұрақтылығын қатаң бақылауды қамтамасыз етеді.

Жүргізілген жұмыстардың арқасында бағалар 100% тұрақтандырылды.

 

Рубрика: