Ақтауда төрт күн бұрын ғана әскерге аттанған сарбаз есінен адасып қалды. 19 жастағы Талғат Айтмұханов өз-өзімен сөйлесіп, тіпті артынан іздеп барған туыстарын да танымай отыр. Әкесі үйінен сап-сау кеткен балаға не болғанын білмей дал, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК”арнасына сілтеме жасап.

Әлі әскери ант қабылдап үлгермеген сарбаз қазір дәрігерлердің бақылауында. Оған нақты не болғанына әскери бөлімдегілер де айта алмай отыр. 

Отан алдындағы борышын өтеуге сап-сау аттанған бала қазір ешкімді танымайды. Өзімен-өзі сөйлесіп, сұрақ қойсаң, кібіртіктеп әзер жауап береді.

Талғат Айтмұханов ұрды ма деген сұраққа “Арқамнан, мойнымнан тиді” деп жауап қатып отыр.

19 жастағы жігіт Ақтаудан 400 шақырым жердегі Бейнеу ауданының тумасы. Сарбаздың әкесі ұлын әскерге алып кеткенін де білмей қалдым деп отыр. Айтуынша, ауылдың әскери бөлімшесіндегілер Талғатты “үш күннен кейін қайта келесің” деп алдап, алып кеткен. Алайда бала ауылға оралмай, Қарақия ауданындағы әскери бөлімнен бір-ақ шықты. Оралда оқитын 1-курс студенті оқуын да әлі аяқтамаған көрінеді.

“Біздерге кеше сағат он бірде ” Балаң есін білмейді, тегін білмейді” деп телефонмен хабарласты. Кеше, 14-і күні әскерге келген бала. 11-мамыр күні үйден сағат 15:00 алып кеткен. Әскери комиссариат  келіп, екеуі екі жағынан өздері медтексеруден өткізіп, сол күні кешке алдап, алып кеткен. “Үш күннен Бейнеуге келесің” деген. Бірақ енді баланы танымай отырмын”, – дейді Т. Айтмұхановтың әкесі Мақсат Сәрсенбаев.

Ақыл-есінен адасқан сарбазды әскерилер ата-анасы келгенше дәрігердің қолына тапсырған. Бірақ ақ халаттылар “бәрі жақсы” деп шығарып берген. Алайда ұлының денсаулығына алаңдаған әке дәрігерлерге қайта тексертіп жатыр. “Туған-туысын танымаған баланы дәрігерлердің “сау” деп шығаруы күмәнді”, – дейді.

Ал әскерилер сарбазды ешкім ұрып-соққан жоқ деп ақталуда.

“Жас жігіт медициналық тексеруден өтуге облыстық ауруханаға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде МРТ, мидың КТ және маманның кеңесі дене жарақаттары мен қауіпті патологиясы анықталған жоқ. Оған және туыстарына азаматтың басқа гарнизонға бармайақ, Ақтау қаласында қызмет өткеретіні мәлім болған. Бұдан кейін әскерге шақырылушы ретінде Айтмұханов Қарулы күштердің қатарында борышын өтеуге өтініш білдірді. Медициналық тексеруден өткенде денсаулығына ешқандай шағым болған жоқ”, – дейді 25744 әскери бөлім командирінің орынбасары  Жәнібек Кұранбеков.

Талғат Айтмұхановтың әскерге сап-сау болып келгенін әскери бөлімдегілер де растап отыр. Алайда төрт күннен кейін сандырақтап есінен адасқаны бәріне жұмбақ. Қазір сарбаз псиохологтың тексеруінен өтіп жатыр. Оның ары қарай Отан алдындағы борышын өтеу, не өтемеуі мамандардың қорытындысына байланысты. 

Рубрика: