18 мая, 2019 Comments Off on Алсу қызымен бірге Ержан Максимнің концертіне келуі мүмкін

Алсу қызымен бірге Ержан Максимнің концертіне келуі мүмкін

Жас әншінің жеке ән кеші 28 маусымда астанадағы "Қазақстан" орталық концерт залында өтеді

Қазақстандық жас әншінің астанада өтетін алғашқы концертіне Алсу мен оның қызы Микелла Абрамова келуі мүмкін. Бұл туралы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір "Қазақ әуендері" АҚ Алсудың продюсерімен арнайы келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл жайында 24 мамырдан кейін айтуға болатын шығар. Бірақ, ол мүмкіндік болып қалуы ықтимал. Алсу мен қызы Микелла қатысуы мүмкін", - деді Маемиров мәдениет және спорт министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ержан Максимның алғашқы жеке ән кеші 28 маусымда Нұр-Сұлтандағы "Қазақстан" орталық концерт залында өтеді.

"Хабар" агенттігі алғашқы концертке арнап Ержанның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы деректі фильм түсірмек. Болашақта деректі фильм қазақ және орыс тілдерінде ғана емес, ағылшын тілінде де көрсетіледі.

"Голос. Дети" төңірегіндегі дау

Осы жылдың 26 сәуірінде Бірінші арнада "Голос. Дети" шоуының финалы өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша Алсудың 10 жасар қызы Микелла Абрамова 56,5% дауыс жинап, жеңіске жеткен еді. Қазақстандық Ержан Максим екінші орын иеленді. Алайда интернет қолданушылар финалдың әділ өтпегенін айтып, шу шығарған еді. Осыдан кейін Бірінші арна финал қорытындысын қайта тексеріп, тіпті Group-IB халықаралық компаниясын тексеріске тартты.

Тексеріс нәтижесінде шоу кезінде дауыс беру кезеңіне сырттан ықпал болғаны анықталды. Осылайша байқау нәтижесінің күші жойылды. Енді 24 мамырда барлық финалистің қатысуымен "Голос.Дети" жобасының арнайы шығарылымы өтеді.

Жуырда желіде Ержан мен Микелланың студияда бірге ән айтып жатқаны түсірілген видео тарады.

Загрузка...

Комментирование закрыто.