Алматыда түнгі клубтардан карантин режимін бұзу фактілері анықталды. Көңіл көтеретін орынға жиналған көпшіліктің видеосы мен фотолары әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Медеу ауданының әкімдігі қалада карантин режимі күшейтілгенін еске салады.

«Ауданның мобильді тобы санитарлық нормаларды бұзу фактілерін анықтау үшін ұдайы рейд ұйымдастырып отыр. Бұл рейд барысында Алматы қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысында көрсетілген талаптарды бұзған бірқатар нысандар әшкере болды», – деп мәлім етті аудан әкімдігінен.

4 шілде күні Медеу ауданында орналасқан «Bla bla bar» және «Echo» секілді ұйымдардан осындай фактілер анықталған.

«Бұл нысандар санитарлық нормаларды сақтамай, келуші қонақтарға қауіп төндірген. Мұнда келіп, көңіл көтеруші халықта есеп жоқ. Осыған байланысты аудан әкімдігі мамандары, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлерінен және жергілікті полицейлерден құралған мобильді топ аталған мекемелерді тексеріп шықты. Сондай-ақ нысан басқарушысымен әңгіме жүргізіп, карантин кезінде сақталуы тиіс санитарлық нормаларды түсіндірді», – делінген хабарламада.

Рейд нәтижесі бойынша бұл түнгі клубтар 5-19 шілде аралығындағы шектеу шаралары аяқталғанша жұмысын тоқтатты.

«Осыған байланысты аудандағы бүкіл кәсіпкерлер мен тұрғындарды өзіңіздің және айналаңыздағы жандардың қауіпсіздігі үшін санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз», – деп толықтырды ведомстводан.

 

Рубрика: