Алматыда маньяк жүр! Бүгін пышақпен қаруланған ер адам 12 жаста   ғы қызға тап берген. Абырой болғанда, жасөспірім ер адамнан дер кезінде қашып құтылып, оқиғаны отбасына айтып беріпті. Дәл қазір қаскөйді тәртіп сақшылары іздеп жатыр.

Дәл мектептің жанында оқушыға шабуылдаған күдікті қайда болуы мүмкін? Куәгерлер бар ма? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

6-сынып оқушысы күнделікті осы жолмен мектепке қатынап келген. Алайда оған белгісіз ер азамат тап берген кезде мұнда тірі жан болмаған. Зәре-құты қалмаған оқушы мектепке барып араша сұрапты. Ал тексеру барысында мұнда бірдебір камераның жоқ екені анықталған.

Оқиға таңғы сағат 10.30 шамасында № 60 мектеп гимназияның жанында болған. Алаңсыз келе жатқан оқушы қызға қарсы келген ер адам бұрыла салып пышақ сілтеген екен. Абырой болғанда мүлт кеткен. Әбден шошынып қалған қыз мектепке барып, жаны қалған. Сезікті мектепке дейін артынан келген көрінеді. Ұстаздар қауымы оны жұбату үшін тіпті психологтің көмегіне жүгініпті.

“Қызымыз енді қашып кеткен одан. Қашып келіп, мектепке келіп мұғалімдеріне айтып, қалай біз ол фактіні естідік сразу милицияны шақырттық. Милиция келіп жұмыстарын жүргізді. Териториядан іздеп, өзімізде жүрдік жаңағы кісіні қарап. Бірақ енді таба алмадық”. – дейді №60 мектеп-гимназия директорының орынбасары Сандуғаш Әбілқасымова. 

Ата-анасы келген соң оқушы өзіне өзі келіп, күдікті азаматтың бет-әлпетін суреттеп берген. Сол бойынша фото-робот жасалып, полицейлер күдікті азаматты іздеуге кіріскен. Шамамен жасы 49-50 шамасындағы ер-азамат көрінеді. Ал мектептен 500 метр қашықтықта орналасқан екі бірдей білім беру мекемесінің бейнебақылау камерасына шабуыл жасаған сәті түспей қалыпты.

“Қазіргі таңда арнайы тергеу тобы құрылып, оның құрамына білікті мамандар енгізілді. Криминалды полиция қызметкерлерінің қатысуымен іздестіру шаралары жүргізілу үстінде. Бейнекамералардың жазбалары қылмыстық іске тіркеліп, қазіргі таңда жіті талдану үстінде”, – деді Салтанат Әзірбек. 

Бұл оқиғадан ата-аналар да үрейленіп қалған. Балаларын мектепке өздері апарып, алып кететін болыпты. Ал оқиға орын алған жолмен күнделікті екі мыңға жуық бала қатынайды екен. Көше жарықтандырылмаған. Бейне бақылау камерасы да жоқ.

“Бұл шын мәнінде өте қорқынышты. Балаларды жалғыз жіберуден қорқамыз. Мектеп пен ағылшын тілі курсының арасы тиіп тұр, соның өзінде осындай оқиға орын алып отыр. Сондықтан өзіміздікімен бірге өзге балаларға да қарап отырамыз”, – деді тұрғын.

“Бұл жерде жарық шамдары мүлдем жоқ. Бірақ бұл жер ең қауіпсіз аймақ саналушы еді. Өйткені көліктер мүлдем жүрмейді. Дегенмен балаларға тапа тал түсте де шабуыл жасайтынын көріп отырмыз. Камералар жоқ. Тексеру барысында күдіктінің түрі көрінбеген”, – деді тұрғын. 

Қазір полиция фото робот бойынша күдіктіні іздеу жұмыстарын қолға алған. Сақшылар көп ұзамай күдіктінің қолға түсетініне сенімді.

Stan.kz

Рубрика: