АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Алматы облысында далада табылған сәби: Құрсақта ауру жұқтырғандықтан көзі іріңдеп, денесі сарғайып барады[:]

[:kz]

Алматы облысында даладан табылған жаңа туған сәби аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Шәлі орамалмен ғана оралған шақалақ аязды күні әбден үсіп, кіндігі мен көзіне суық тиген. Денесіндегі сарылары да кетпей жатыр дейді дәрігерлер.

“Ай-күні толып туғанымен, құрсақта жатқанында-ақ инфекция жұқтырған” деп болжайды мамандар. Түрген ауылының жұртын бір аптадан бері шулатқан шақалақтың безбүйрек анасы табылды ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Түрген ауылының тұрғыны Сәуле Дүйсенова көмір жағатын пеші болған соң әр 20 минутта есік алдын жиі бақылайды. 12 ақпан күні де әдеттегідей екінші рет пешке отын салуға сыртқа шыққан. Шарбағында ілулі тұрған сары пакетті сонда көріпті. Әуелгіде қоқыс екен деп мән бермепті. Жақындағанында қозғалып, ішінен дыбыс естілді дейді.

“Шиқылдайды бірдеңе сыртынан ұстап көрсем, жұмсақ. Тірі не екен мен бірінші ойладым мысық па екен. Ит па екен. Күшігі иті туып, керек емес болған соң менің заборыма іліп кеткен шығар дедім. Ашсам, баланың қолы шықты. Өзімнің есім шығып кетті”, – дейді тұрғын Сәуле Дүйсенова.

Қан-қан шәлі орамалға оранған сәбиді бірден үйіне кіргізіпті. Кіндігі де түспеген шақалақ қыз бала екен. Әбден мұздап қалған соң, жылы сумен шомылдырған, тамақтандырған. Жалғыз шешесімен тұратын бала сүймеген келіншек өз бауырына басқысы да келіпті. Бірақ, құжаттың машақатын сезіп, дәрігерлерге хабарласқан. Мамандар, нәрестені анасы жалғыз туып, кіндігін өзі кескен деп отыр. Салақтаған ішегін байлап та үлгермеген.

“Ол ауруханада туған емес. Ол көлік ішінде туған ба. Сол жақта лақтырып кеткен. Гигиеналық тұрғыда түк таза емес. Суық тию барысында қайтыс болуы мүмкін еді. Өйткені дене температура32 градус”, – дейді жедел жәрдем станциясының фельдшері Айбек Шыыов.

Түрген ауылында жалғыз амбулатория болғандықтан нәрестені жедел Есік қаласына жөнелткен. Дәрігерлер сол күні дүние есігін ашқан деп топшылайды. Екі жарым келі, бойы – 49 см. Қыздың фамилиясын Тастанды, есімін Бағым деп қойыпты. Бірақ, бізге көрсетпеді. Өйткені, тым әлсіз қыз реанимация бөлімінде жатыр екен.

“Екінші күннен бастап көзі іріңдей бастады. Кішкене бала сарғайды. Бәрі іштен болған инфекцияның кесірі. Анализдерінің бәрін алдық. Тексерілмеген анасы”, – дейді Есік қалалық перзентхананың директоры Гүлнәр Мамырбекова.

Яғни баладағы түрлі аурулар құрсақта жатқанында-ақ жұққан. Ал, бір аптадан бері Түрген түгелі Еңбекшіқазақ ауданының бүкіл шенділерін аяғынан түк тұрғызған оқиғадан соң дүйім келіншек атаулыны мамандар тексеріп жатыр екен. Ауылдағы тіркеудегі 124 аяғы ауыр әйелдің бірі де әлі босанбапты. Сондықтан бұл көрші маңайда туылған сәби болуы мүмкін.

“Полиция қызметкерлері баланың анасын табу бойынша жедел іздестіру шараларын ұйымдастыруда. ҚР ҚК 119 бабына сәйкес қауіпті жағдайда қалдыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс Еңбекшіқазақ аудандық полициясының өндірісінде”, – деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.

Қазір аудандық атқамінерлер сәбидің құжатын рәсімдеп жатыр. Егер шешесі іздеп келмесе, бір аптадай емделіп, бөбектер үйіне жөнелтілмек. Ал, шақалақты бір сағаттай иіскеп, бауырына басқан Сәуле Дүйсенова Бағымнан хабар алып тұратынын айтты.

stan.kz

[:]