Лаңкестер Алматы мен Қарағандыда жойқын жарылыс жасап, адамдарды кепілдікке алмақ болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл осындай үш шабуылдың жолын кескенін мәлімдеді. Мұздай қаруланған топ қаржы орталықтары мен діни орындарға шабуылдауды тыңғылықты жоспарлапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.

“Радикалдар, құқық қорғау органдары ғимараты,  ірі сауда орталықтары мен қаржы ұйымдарына шабуыл жасамақшы болған. Сондай-ақ адамдарды кепілдікке алуды көздеген. Олардың тұрғылықты жерін тінткенде жарылғыш зат жасайтын материалдар, қару-жарақ тәркіленді”, – дейді ҰҚК лаңкестікке қарсы ұлттық штаб бастығының орынбасары Сергей Швейкин.

Ұсталғандар қазір түрмеде. Алды 18 жылдан жаза арқалаған. Қазақстанның тағы 40 азаматы қазір шетелдік содырлардың сапында соғысып жүр. 65 отандасымыз сол оқ пен оттың ортасында қалған. Барлығы біздің елден кеткен лаңкестердің отбасы мүшелері.

Жат ағымға алданып шекара асқандардың біразы тіпті адасқандарын түсініп, елге оралуға дайын екен. Ал әлі де өзге елдің сойылын соғып жүргендерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, олардың іс әрекеті құзырлы органдардың жіті бақылауына алынған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, лаңкестер тек шекара сыртында емес, өз ішімізде де аз емес. Мәселен, терроризмге қатысы бар деп іздеу жарияланған 31 шетелдік Қазақстанда бой тасалап жүрген жерінен ұсталған.  

Рубрика: