АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Алимент төлеуден қашқандардың суреті көшелерге ілінеді

[:kz]

Ескерту қағазын алған 300 әке қарыз екенін біле тұра, ешқандай амал қолданбай отыр.

Қостанай қаласында жыл басынан бері 37 млн теңгеден астам берешек өндіріліп алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат, Қостанай қалалық Прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазіргі күні Қостанай қаласының жеке сот орындаушыларының қолында 6 мыңнан артық іс бар. Олардың көбі – алимент төлеуден қашқандар. 1200 борышкер 2725 балаға тиесілі қаржыны төлемей келеді. Ескерту қағазын алған 300 әке қарыз екенін біле тұра, ешқандай амал қолданбай отыр. 

«Алимент төлей алмайтындардың дені – тұрақты жұмысы жоқ адамдар. Миллиондаған қарызы бола тұра еңбек етуден қашатындар бар. Мұндай жағдайда ізденуші тараптың арызымен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Таяуда қарызынан қашқан 5 азаматтың ісі сотта қаралды. Тағы 28 әкеге қатысты әкімшілік іс қозғалды», — дейді Қостанай қаласы прокуратурасының аға прокуроры Гүлсім Иманбаева. 

Жұмыссыз отырғандар да алимент төлейді. Олардың айлық төлемі қалай есептелетінін мамандар түсіндіріп өтті. Егер борышкер жұмыс істемесе, оған Қазақстандағы орташа еңбекақы бойынша есептеледі. Қазір орташа айлық көлемі 180 мың теңге шамасында. Борышкердің бір баласы болса, айына осы соманың төрттен бірін аударып отыруы керек. 

Жыл басынан бері өндірілген сома 37 млн теңгеден асады. Одан бөлек, сот орындаушыларының көмегімен алимент төлей алмағандардың 2 автокөлігі сатылып, қарыздары өтелсе, сонымен бірге, 1 үй берешегін жабуға берілген. Бүгінде 2 пәтер дәл осындай мақсатпен ізденуші жақтың меншігіне өтпек. 

Прокурорлар бұл бағыттағы жұмыстар жетілетінін жеткізді. Енді алимент төлеуден қашып жүргендердің суреті көшелерге ілінбек. Заңнан ешкім жалтара алмайды.

 

[:]