17 июня, 2019 Comments Off on Алғашқы рұқсат етілмеген митинг 40 жыл бұрын өтті

Алғашқы рұқсат етілмеген митинг 40 жыл бұрын өтті

Қазақстанда алғашқы рұқсат етілмеген митинг осыдан тұп-тура 40 жыл бұрын бұрынғы Целиноград, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында өткен. 1979 жылдың 16 маусымында Целиноград  жастары Кремльдің Қазақстанның солтүстігінде неміс автономиялы облысын құру  шешіміне қарсы шеруге шықты

Ол уақытта неміс автономиясын құру жөніндегі жоспарды бұрыннан пісіріп жүрген Кремль Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру жөнінде шешім қабылдаған. Облыс орталығы ретінде Ерейментау қаласы таңдалды. Автономия құрамына Целиноград облысы Ерейментау, Сілеті аудандарының, Көкшетау облысынан Уәлиханов, Қарағанды облысынан Молодежный аудандарының жері берілетін болды.

Ол кезеңде бұл аймақтарда шамамен 940 мыңдай неміс тұратын. Тиісті құжаттар әзірленіп, автономия басшысы таңдалып қойылды. Бірақ соңғы сәтте Кремльдің жоспары іске аспай қалды. Бұған Целиноград жастарының неміс автономиясына қарсы шығуы себеп болды.

Әртүрлі дерек бойынша, шеруге 500-ден 5 мыңға дейін адам қатысты. Шерушілер Целиноград қаласының орталық көшелерін жүріп өтіп, партияның облыстық комитеті алдындағы Ленин алаңына жиналған. Бір сағатқа созылған митингіге қатысқандар неміс автономиясын құру жөніндегі шешімді жоюды талап етті. Шерушілер қолдарына "Ерейментаудағы неміс автономиясына қарсымыз!", "Қазақстан бөлшектенбейді!" деген ұран жазылған плакаттар ұстап шыққан.

Үш күннен кейін шерушілер көшеге қайта шықты. Бұл жолы наразылардың алдына шыққан обкомның бірінші хатшысы Н.Морозов неміс автономиясы құрылмайтынын айтып, халықты таратпақ болды. Қайбір деректер бойынша, жиналған жұрт жергілікті биліктен Кремль жоспарының астарында не жатқанын түсіндіріп беруді талап етті. Н.Морозов халыққа басу айтып, мәселе біржолата шешілгенін, Қонаевпен телефонмен сөйлескенін, Қазақстанда неміс автономиясы құрылмайтынын жеткізген соң ғана шерушілер тараған. Мәскеу шешіміне қарсы шықса да, рұқсат етілмеген шеруге қатысқандардың ешқайсысы қамалмаған.

Халық толқуынан сескенген Кремль Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру жөніндегі жоспардан бас тартты. ССРО КГБ тергеу жүргізсе де, шерудің ұйымдастырушыларын анықтай алмаған. Көп уақыт бойы Целиноградтағы толқудың жасырын ұйымдастырушысы ретінде республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың аты аталып келген. Бірақ мұны растайтын бірде-бір тарихи дерек жоқ. Ал толқуды нақты кім ұйымдастырғаны әлі күнге дейін белгісіз.

Жас Алаш 

Загрузка...

Комментирование закрыто.