АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ақтөбеде қыздары «орамалын шешпеген» үш азаматқа екінші мәрте айыппұл салынды

[:kz]

Ақтөбенің үш тұрғынына «орамал дауына» байланысты екінші мәрте айыппұл салынды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Бір жылда екі рет әкімшілік жауапқа тартылған ата-аналардың балалары Ақтөбедегі №31 мектепте оқиды. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің мәліметінше,»мектеп формасын сақтамағандықтан» қала мектептерінің 8 оқушысы 2018 жылғы қыркүйек айынан бері сабаққа қатыспаған. Оның алтауы — №31 мектептен.

«Ақтөбе қаласының үш тұрғыны оқушы қыздарының мектеп формасына қатысты міндеттерді, яғни ата-ананың «Білім туралы» заңда көрсетілген міндеттерін жаза қолданғаннан соң бір жыл ішінде қайта орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды» деп жазылған облыстық сот хабарламасында.

Сот қаулысына сай, әкімшілік жазаға тартылған азаматтар 20 айлық есептік көрсеткішке тең (50 500 теңге) айыппұл төлеуі тиіс. Қаулы 27 наурызда күшіне енген.

2016 жылы қаңтарда білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрықты қабылдады. Бұл ереже Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кейбір мектеп пен ата-аналар арасындағы дау-дамайға себепші болды. Қабылданған ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасына қатысты бұл талаптарды меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.

Мектеп пен басқа да оқу орындарында хиджаб пен өзге де діни киім түрлерін киюге қатысты түпкілікті шешім билік діни экстремизм проблемасына алаңдай бастаған кезде қабылданды. Қазақстан билігінің ұстанымы – «мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды».

azattyq.org

[:]