Ақтөбелік тұрғын Жібек Мырзағалиева жалғыз ұлына іздеу салады. Ол екі аптадан бері ұлынан бір хабар ала алмай отырған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы. 

Самұрат Есетов 25 тамызда үйден жұмысқа кеткеннен қайтып оралмаған. Жібек Мырзағалиеваның айтуынша, бұрын мұндай жағдай болмаған. “Балам сол күні үйден сағат 11:30-да шығып, жұмысқа кетті. Өзім сағат 12-де хабарласқанымда жұмысқа бара жатқанын айтты. Ал әріптестері жұмысқа келмеген соң, оған сағат 12:30 шамасында хабарласқанында “қалада жоқпын” деген. Оны да кейін іздестіргенде білдік. Жұмысқа барамын деп шыққан бала. Міне, баламнан хабар ала алмай отырғаныма бүгін 15-ші күн. Көрдім-білдім деген адам жоқ. Баламда бұрын мұндай жағдай болған емес. Мектепті, колледжді қызыл дипломмен бітірді. Жоғары оқу орнынан жақында дипломын алу керек. Ұлымды қайда барып іздерімді білмей отырмын. Жазған хабарларымызды оқымаған”, – дейді анасы.

Самұрат Есетов қаладағы 8-мөлтек ауданындағы жеке компанияда техник болып жұмыс істеген. Желтоқсан айында 25 жасқа толады.

Үйден шыққанда оның үстінде қысқа жең футболка, күлгін түсті шалбар, қара спорттық аяқкиім болған. Амалы таусылған анасы балгерге де барыпты. “Жақсы хабардан үміттеніп отырмыз. Баламның ішімдікке әуестігі жоқ. Шылым шекпейді. Жат қылықтарын көрген жоқпыз. Мұнтаздай болып, таза жүретін бала. Қазақпыз ғой, қиналған соң бақсы-балгерге де бардық. Олар “біреу дуалап алып кеткен”, “біреулер ұстап отыр” дегенді айтады.

Мұндай жағдай біздің отбасымызда бірінші рет болып тұр. Көрген адамдар болса, хабар берулеріңізді сұраймыз”, – дейді Жібек Мырзағалиева. Самұрат Есетовтің туыстары полиция арыз түсірген. Оның қазір іздеуде екені айтылды Жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Ақтөбе облысында 49 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Олардың 45-і полиция мен еріктілердің бірлескен жұмысы кезінде табылған.

Еске сала кетсек, бұған дейіг Түркістан облысының полицейлері хабар-ошарсыз кеткен 57 жастағы әйелді тапқаны туралы жазған едік. Сонымен қатар Алматыда тоғыз жасар бала жоғалып кетіп, оны 250 адам іздестірген болатын. Көп ұзамай бала аман-есен табылды.

Рубрика: