АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]Ақтөбеде 6-сынып оқушысы «әпкесі телефонын тартып алғаны үшін» өзіне қол жұмсады[:]

[:kz]

Ақтөбе облысының Темір ауданы Шұбарши ауылында туған әпкесіне ренжіген жасөспірім өзіне пышақ салған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Келеңсіз оқиғаны аудандық білім бөлімі басшылығы растады. Жеткіншек қазір аудандық ауруханада ем алып жатыр.

Темір аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, оқыс жағдайға отбасылық жанжал себеп болған. Жарақат алған оқушы Шұбарши орта мектебінің 6-сыныбында оқиды. Оның үлкен апасы сіңілісіне телефоныңда таста деп ескерту жасаған.    

“Әпкесі сіңлісіне сабақ оқу керектігін айтып, телефонын алып қойған. Бала соған жауап ретінде осылай жасаған. Өзіне пышақ сұғып алған дейді ішіне. Дәрігерлермен барып сөйлестім, 1 см тілік болды дейді”, – дейді Темір аудандық білім бөлімінің басшысы Жұмагерей Наурызғалиев.

Абырой болғанда баланың өміріне төнген қауіп сейілді. Қазір аудандық ауруханада жатыр. Дәрігерлер ота жасалғанын айтты, жағдайы бірқалыпты деп бағалауда. Отбасында төрт қыздың ең кішісі, сабақ үлгерімі жақсы екен. Отбасының әлеуметтік жағдайы да  жаман емес. Ата-анасы кәсіпкерлікпен айналысады дейді аудандық білім бөлімінің басшысы. Оқушылардың әлеуметтік желіге, агрессивті ойындарға қаншалықты әуестігін анықтау үшін қазір аталған мектепте психолог мамандар жұмыс бастаған. Ал психолог Арайлым Амангелдіқызы жасөспірімдердің бұндай қадамға баруына ересектердің әрекеті себеп дейді.  

Телефонға үйірлік дегеніміз – ересектердің қолында тұрған ереже. Мысалы, біз балаға телефонды ұстама дейміз де, өзіміз ұстаймыз. Тамақ ішіп отырған кезде, болмаса бала қасыңызға келіп, теледидар қарап отырған кезде біз телефонда отырған жағдай болады. Оны барлық ата-ана өтірікке келтіре алмайды. Ол рас дүние. Сондықтан балаға үлгі болуымыз керек”, – дейді психолог Арайлым Амангелдіқызы.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық Кодексінің 105-ші «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

[:]