Атырауда көліктегі жұбайы мен балаларының тоқтауын сұрап жалынғанына қарамастан, жылдамдықты арттырып, апатқа ұшыраған ер адам сол күні не болғанын түсіндіріп берді. Көлікті мас күйінде тізгіндеген ер адамның сөзінше, апатқа дейін жарты жыл көлемінде ішімдік ішпеген екен, деп хабарлайды Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап Stan.kz.

Арман Мұсағалиевтің сөзінше, ол өмірінде ішімдікті шектен тыс ішіп көрмеген. Ал сол күні не болғанын білмеймін, дейді. Айтуынша, сол күні досының туған күнінде болып, достарына ішімдік ішетінін айтып, сол үшін отбасымен бірге үйіне жеткізіп салуын сұраған.

«Алайда бір кезде өзімді басқара алмай қалдым, не істегенім есімде жоқ. Қалай рульге отырғаным да есімде емес. Тіпті, әйелім мен балаларымның айқайын естімедім. Тек соғылғаннан кейін өзіме келдім», – дейді Арман. 

Өз сөзінде ол желі қолданушыларынан өзін сөкпеуді сұрады. Ер адамның сөзінше, ол қамқор отағасы. Ешқашан шылым шекпеген және ішімдікті «аздап» қана сирек ішкен екен. 

«Ешкімге, оның үстіне өзім жақсы көретін отбасыма зиян тигізгім келмеді. Мен балаларымды аяққа тұрғызу үшін еңбектеніп жүрген қарапайым азаматпын. Ішімдікті ішкен кезде өзімді бақыламағаным үшін және осылай аяқталғаны үшін қатты өкінемін. Мені қатты сөкпеулеріңізді сұраймын», – дейді ол.

Еске сала кетсек, Атырауда ер адам отбасымен бірге апатқа ұшыраған еді. Оның әйелі мен балаларының тоқтауын сұрап жалынған видеосы желіде тарап кетті. 

Оқиға кезінде көліктің ішінде 33 жастағы жүргізушінің жұбайы мен екі баласы болған. Қазіргі уақытта балалардың бірі ауруханада жатыр. Әйелі мен тағы бір баласы аман. Алайда олар қатты шошып қалыпты. 

Stan.kz.

 

Рубрика: