АЛТЫНОРДА
Ел жаңалықтары

[:kz]«Қасымбек қайда қарап отыр?». Теміртаудың кіреберісінде СССР-дің белгісі әлі ілулі тұр[:]

[:kz]

Қоғам белсіндісі Мұрат Әбенов өзінің Фейсбуктағы парақшасына Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласына кіреберістегі «Теміртау» деген алып жазудың жанында СССР-дің белгісі тұрғанын айтып, Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбекке өкпесін әлеуметтік желі арқылы жеткізіпті деп хабарлайды dalanews.kz  ге сілтеме  жасаған  altyn-orda.kz

Тәуелсіздікті мансұқтау

Мұрат Әбенов өзінің Фейсбук парақшасында: «Кеңес одағын аңсаған кімдер? Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек бұған неге назар аудармайды? Теміртау деген сөздің жанындағы Кеңес заманының свастикасын алып тастау қиын ба? Қашанғы СССР-дің көлеңкесінен қорқа береміз? Олай болса қазақ тілі, мемлекетшілік ұстаным қалай дамиды?  Жастарды отанымен мақтануға қалай үйретеміз?», – деп көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақты төтесінен қойыпты.

Иә, айтса айтқандай Теміртау еліміздің өндірісті қаласы. Осындай маңызы зор қаланың қақпасында Кеңес заманының белгісін қалай қойып қоюға болды?

Бүгінде мұндай белгіні Ресейден де таппауыңыз мүмкін. Ал біздің елде әлі тұр. Бұл тәуелсіздікті мансұқтау емес пе?

Мұны облыс әкімі Қасымбековтың көрмеуі мүмкін емес. Әлде Қасымбеков әкім болғалы Теміртауға ат ізін салмаған ба? Бұлай деп тағы да айта алмайсың.

Егер Жеңіс Қасымбектың орнында жасы алпысты алқымдаған шенді отырса оның әрекетін аздап болса да түсінуге болар еді. Ал Тәуелсіздік жылдары саяси мансабын жасаған жас саясаткер үшін бұл ұят.

Жеңіс Қасымбек өзінің тегінің соңына «овты» жалғамайтын санаулы әкімдердің бірі. Өйткені ол Тәуелсіздіктің бел баласы. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік қызметке араласқан. Шетел көрген азамат. Бірақ оның мына әрекетін түсіне алмадық.

 

Кеңестік жүйені белгілері музейде тұруы керек!

Қарағанды облысының әкімдігіндегілер «бұл белгі Теміртаудың металургтерінің еңбегі үшін берілген орденнің кескіні» ақталуы мүмкін (біздің шенділер жұмысты қатырмаса да, ақталудың шебері емес пе?).

Иә, солай да мүмкін. Бірақ баяғыда тарқап кеткен Кеңес өкіметінің белгісін қаланың кіреберісін іліп қоя тәуелсіздікке қатер төндіру, жау шақыру емес пе?

Мұндай белгіні көргеннен кейін Кеңестік жүйені аңсаушылар күш ала түсетіні анық қой. Осылайша шенділер елімізде Кеңес өкіметі елесінің кезіп жүруіне жағдай жасап отырғанын неге түсінбейді?

Егер теміртаулық металургтердің еңбегі үшін берілген орден болса, осының түбімен қопарып, Теміртаудағы көп музейдің біріне апарып қойсын.

Біздіңше, Кеңестік жүйені еске салатын белгілерді музейлердің бір бұрышында тұруы керек. Көргісі келген адамдар мұражайға барып көрсін. Егер Жеңіс Қасымбек осы белгіге желімдей жабысып қалса, кабинетінің бір бұрышына апарып қойсын!

«Әлгі белгі қайда?» деп келген адамға көрсетіп, тас кесекті сары майдай сақтап отырғанын іздеп келушіге айта жатар.

Кеңес заманында қазақ жеріндегі көптеген ауылдағы еңбек ұжымдарына осындай ордендер берілгенін білеміз. Егер олардың бәрі «өткен тарихымыз, еңбегімізді бағалаудың белгісі» деп ауыл мен қаланың кіреберісіне қоя берсек біздің елдігіміз бен Тәуелсіздігіміздің бес тиындық құны болмасы анық.

 

Назарбаевтың шенділер орыстың ығына жығыла кетуге даяр тұрады

Назарбаев дәуірінде билікке қол жеткізген шенділердің бойында кеңестік жүйе мен орысқа қарсы келуден (қарапайым сөз таластыру деңгейінде болса да) қорқатын, бойларын үрей билеген шенділердің үлкен шоғыры қалыптасты. Әңгіменің ашығын айтсақ, Үкімет пен Парламенттегі ақ жағалылардың бәрі осындай үреймен өмір сүреді.

Егер біз Жаңа Қазақстанды шынымен құруға бекінсек, қоғам мен халық арасында дау туғызатын дүниелерді дер кезінде шешпей кейінгі ысыра беруге болмайды. Істі кейінге қалдыру – тығырықтан шығар жол емес.

Мәселені шешудің орынан оны ұмыттыруға тырысамыз. Бұл – Назаев кезінде шенділер арасында әдетке айналғаны жасырын емес. Біздер осы жаман әдеттен арылуымыз керек.арб

Назарбаев 30 жыл билік құрғанда Ресейдің бетіне самал болып соққанын бір ретте көрмедік.

Содан үлгі алған шенділер орыстың ығына жығыла кетуге қашанда даяр тұрады.

Шенділеріміз орыс көрсе, бүгежектеп орысша сөйлей жөнелуді тоқтатпаса, ел ішіндегі кеңестік жүйені аңсаушылар бір кебісті, бір кебіске сұғып отыратын ескі әдетінен ешқашан тоқтатпайды. Бұған көзіміз жетті.

 

Кеңестік белгілер қоғамға жік салатын құрт  

Жеңіс Қасымбектің азаматтық, патироттық сезімі кем деп айта алмас едік. Бірақ оның да ой-санасына үрей ұя салып алған. Жеңістей жас жігіттердің үрейге бой алдыруы еліміз үшін қауіпті құбылыс.

Тіпті, Жеңіс Қасымбек Теміртаудың кіре берісінде тұрған кісі бойындай свастиканы алып тастау ойына (бұл ойынан өзі де шошып та кеткен шығар) келуі де мүмкін ғой. Бірақ бойындағы үрей оны алып тастауға мүмкіндік бермегенін ішіміз сезеді.

Әрине, әлгі свастиканы алып тастағаннан кейін Теміртауда тұратын төрт орыс (арасында орыстілді қазақ та болуы мүмкін) дау шығаратыны анық. Осыны білетін шенділер «солар дау шығармаса екен» деп мәселені жылы жауып қоя салатынын да білеміз (өтірік емес қой).

Бірақ бойын үрей билеген шенділер Теміртауға жолы түскен Мұрат Әбенов сынды ұлтжанды азаматтардың әлгі свастиканы көргеннен кейін әкімге өкпесін айтып, орынды талабын қоюын заңыдылық деп қабылдай ала ма? Әлде әлгі азаматтармен жауласып, көрместей кете ме? Бұл енді үлкен мәселе.

Осы бір жайттан еліміздің кез келген жерінде тұрған Кеңестік белгілер қоғамды екіге жарып, жарылыс туғызатын бомба десек артық айтқандық болмас.

 

Назарбаевтың өнегесі

Кеңес өкіметінің келмеске кеткеніне 30 жыл өтті. Тәуелсіздігімізге ие болдық.

Осы 30 жылда Путин «Қазақ жерінде бұрын-соңыды мемлекет болмаған» деп империялық астамшылықпен әңгіме айтқанда Назарбаев билігі Қазақ хандығының 550 жылдығын әр жерде жетім қыздың тойындай қылып өткізіп, жауап… бергендей болды.

Ұлт көбасшысы, Мәңгілік елді құрушы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Әй Путин, Қазақ жерінде ғасырлар бойы мемлекетік қалыптасқан, оның бәрін тарихтан оқып, білуге болады» айта алған жоқ.

30 жыл бойы Назарбаевтан үлгі алған Жеңіс Қасымбектей жас шенділер осыдан кейін Теміртаудың кіреберісіндегі Кеңестік жүйенің белгісін дәті жетіп, алып тастайды дегенге кім сенеді. Сену қиын.

Осындан кейін орыс көрсе құйрығын бұтына тығып, қыңсылай жөнелетін Назарбаевтың шенділерімен Жаңа Қазақстанды құрудың қаншалықты қиын екенін байқайсың.

 

[:]