АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Әйелін 62 жыл бойы алдап келгені әшкере болды[:]

[:kz]

Ұлыбританияда 80 жастағы Дороти есімді әже өзінің 84 жастағы қосағы Барри Доусонмен ажырасқалы жатыр. Себебі күйеуі өзін ұзақ жылдар бойы мылқау ретінде көрсетіп, оны алдап келіпті. Барри әйеліне ешқашан ләм-мим деп тіл қатпаған, ол сөйлесе, меңіреу адамдай, естімегендей болып жүре берген екен.

Дороти әжей Барридің ешқандай да мылқау емес екенін кездейсоқ біліп қалыпты. Ол күйеуінің караоке-барда мәз-мейрам болып, ән айтып жүргенін «Ютубтан» көріп, өз көзіне өзі сене алмай, есінен тана жаздапты. Сосын оған қатты ренжіп, бірден сотқа ажырасу жөнінде арыз түсірген. Ол ажырасып қана қоймай, «өзін эмоциялық күйзеліске түсіргені, азап арқалатқаны үшін» қосағынан ортақ мүліктің тең жартысын және алимент талап етіп отыр. «Ол нақұрыс мені өмір бойы асырауы тиіс!» – депті өті жарылардай болып ашуға булыққан әжей сот процесі кезінде.

Сотта Б.Доусонның мүддесін Роберт Санчес деген адвокат қорғауда. Ол Барри қарияның түк те жазығы жоғын, мұндайды әйелі үшін істегенін айтып ақтауда. «Осындай шыдамдылығының, тапқан амалының арқасында Барри некені бұзылудан сақтап келген», – дейді адвокат. Б.Доусонның өзі де мұны әйелі үшін істегенін айтып ақталуда екен. «Езбе мылжың, шайпау, мазасыз, сауысқан сияқты», – деп сипаттапты ол әйелінің мінезін.

Бұл қариялардың ортақ некеден туған 6 баласы, олардан өрбіген 13 немересі бар екен. Балалар – әкесінің, немерелер – атасының ешқандай да мылқау емес екенін естігенде бұл жаңалыққа тіпті де сенбепті. Өйткені Б.Доусон «мылқау» ролінде 22 жасынан бері – 62 жыл бойы «ойнап» келеді екен. Әйелі Дороти жастау кезінде күйеуімен ымдасып болса да түсінісу үшін арнайы курсқа қатысып, ишарат тілін де үйренген екен. Бірақ сол кезеңнен бастап Барриде көз мүкістігі пайда болған көрінеді. «Бұл қақпастың көзі көзі көрмейтіні де өтірік шығар!» – дейді енді Дороти әжей оның көзі нашарлағанына да күмән келтіріп.

..Бұл оқиға Ұлыбританияның Манчестер қаласында орын алуда екен. Одан хабардар болғандар еркектің тапқан амалына таңқалуда. Бұған байланысты жұрт: «Данышпан екен!», «Осы уақыт аралығында өзі туралы талай нәрсені біліп алған шығар», «Үйреніп алатын нәрсе екен», «Шайпау, мылжың әйелі барлардың жасы ұлғая келе «мылқау» болмасқа лажы қалмайды», «80 жасында да ақыл кірмейтіндері бар…», «Сауап болыпты! Мұндай «әртіс­терді» аямау керек!», «Не болды ал? Қартайғанда қаңғып қалды» деген сияқты пікірлер айтуда. (Мұның қайсысы қай жыныс өкілінің сөзі екені айтпаса да түсінікті ғой).

Статистикалық деректерге қарағанда, неке бұзылғаннан кейін көп адамдар бір-екі жылға дейін есеңгіреп, қиналады екен. Еркектер негізінен ішімдікке салынып кетеді деседі.

Қысқасы, 84 жастағы Барри қария өте қиын жағдайға ұрынды. «Мылқаулыққа» жарты ғасырдан аса уақыт шыдап келіп, ақырында әшкере болған бұл кісіге қазір жаны ашып жатқандар да, «өзіне де сол керек!» деп оны күстәналап жатқандар да баршылық.

«Естімеген – елде көп» деген осы да.

zamana.kz

 

[:]