АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Айдос Сарым Жер реформасы жайлы: Ешкім қарабет болғысы келмейді[:]

[:kz]

Бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Жер реформасы жан-жақты сараланып, түрлі ұсыныстар айтылды.

Ұзақ жылдар бойы қордаланған, түйіні тарқамаған мәселелердің ашық талқыға түскені қуандырғанымен, нәтижесі қалай болмақ? Nege.kz тілшісі қоғамды толғандырған кейбір шетін сұрақтарды Мәжіліс депутаты, комиссия мүшесі Айдос Сарымға қойды.

– «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, біздің үкіметтің қалай жұмыс жасайтынын жақсы білеміз. Жерді шетелдіктерге сатып, бас ауыртпай, қанжығасын майлағанды қолай көретін секілді. Қоғамның тегеурінді қарсылығынан кейін ғана, райынан қайтып отырған сыңайлы. Мәжіліс депутатысыз, бұрын да билікте қызмет атқардыңыз, оппозицияда жүріп те мән-жайды қадағалап отырдыңыз. Айтыңызшы, биліктің жер мәселесін оңтайлы шешетін ниеті бар ма?  

– Ниет бар, құлық бар. Көбіне орта деңгейдегі шенеуніктер саяси шешімдерге көп қарайлайды. Оның үстіне, бұрыннан келе жатқан саяси дәстүр, саяси практика бар. Солар кейде артқа тартып отырады. Қарапайым мысал ретінде кадастр деген мәселені алайықшы. Бүкіл әлемде ашық нәрсе. «Мына жер телімінің иесі мынау екен, мұнша ақшаға сатылған екен» деген Навальныйдың зерттеулерін көріп отырмыз.

Меніңше, оны жасырудың ешқандай реті жоқ. Бірақ кезінде қабылданған шешімдердің инерциясы теріс әсерін тигізіп жатыр.

Қазір бекітілген заң бар. Саяси шешім қабылданғаннан кейін қазір бәрі басқашалау. Президенттің үлкен ерік-жігер танытуы да кейбір мәселелердің оң шешілуіне, дұрыс қабылдануына, жылдам алға басуына оң ықпалын тигізіп жатыр. 

 

– Сұрағымды неге үкімет адамдарынан бастағанымды түсіндіре кетейін. Енді жер мәселесі талқыланып жатыр. Бұған қатысты өзіңіз тәп-тәуір ұсыныстар айттыңыз. Басқалар да айтып жатыр. Бірақ бұл жерде парламенттің орны мен қауқары жайлы сұрақ туады. Парламент үкіметтің қолбасы болып кетті деген сөз бұрыннан айтылып жүр…

– Күн сайын жағдай өзгеріп жатыр. Байқасаңыз, бүгін партиялық әкімдік, партиялық билікке айналды. Парламент те солай. Бұл жерде партияның да аты, абыройы сынға түседі. Сондықтан үлкен жауапкершілік бар. «Біреу біреудің «ойыншығы», «қолбаласы» болды» деу артық сияқты. Бүгінгі парламентпен кешегі парламенттің арасы жер мен көктей. Келе келе, мұны өмірдің өзі дәлелдей жатады. Қысқасы, парламенттің шешім қабылдайтын қауқары, мүмкіндігі бар.

– Осы жер мәселесінде Мәжіліс үкіметке сөзін өткізе алады деп ойлайсыз ба? Шамамен депутаттар ұсыныстарының неше пайызы қабылданады?

– Толық өткізе алады деп ойлаймын.

– Шыны керек, қазір өте жақсы талқы жүріп жатыр. Көптің көңілінен шығады. 10 сотық жерді тегін беру, жайылымдар және басқа да пәленбай жылдан бері орындалмай келе жатқан мәселелер қозғалып жатыр…

– Жер комиссия жұмысының басты бағытының бірі – Жер кодексінде бар, бірақ дұрыс іске асырылмай жатқан дүниелер бойынша нақты шешімге келу. Заң жобасы болсын, үкіметтің қаулысы, шешімі болсын.

Біз соңғы он, жиырма жылда өзгермейтін, айнымайтын ойын ережесін қалыптастыруымыз керек. Ауылға жетпей жатқан нәрсенің бірі – айқындық. Ережелер бір жыл сайын, екі жыл сайын ауыса берсе, жұрттың еңбек етіп, инвестиция жасауға құлқы кетеді. Мәселе – осында.

Жер комиссиясы осындай кілтипандарды анықтау керек. Мәселен, он сотық жер заңда көрсетілген. Бір жарым миллион адам кезекте тұр. Бірақ оның артында «он сотық жер инженерлік желісі бар жерден берілуі керек» деген бап бар. Ол қаланың айналасы екені түсінікті ғой. Бірақ қалада жер жоқ. Айдаладан жер берсе, тағы да бас ауруға айналады. Адамдар үй салған соң, тоқ сұрайды, су сұрайды, жұмыс сұрайды. Бұл соның алдын алу үшін жасалған бап болатын. Бұл бап трансформацияға түсетін сияқты.

Жер реформасына қарсы митингі, 2016 жыл.

Менің ойымша, бұл заңды ауылға қарай бейімдеу керек. Ауылда арқа сүйеп, үй салатын, тіршілігін жасайтын ұлтарақтай болса да жер қажет. Екінші жағынан әлеуметтік әділет мәселесі тұр. Мәселен, қала жекешелендіру кезінде пәтерлерін жекешелендіріп алды. Ал ауылда әлі күнге дейін пай деген нәрсе бар. Ауылдан келген адамдар қаладан жер сұрап жатыр.

Осы секілді дұрыс жолға қоюды талап ететін көп күрделі мәселе бар. «Мынау он жылда, мынау жиырма жылда жасалатын шаруа» деп нақты жұмыс жасалуы тиіс.

Қарапайым ғана мысал келтірсем, парламентте: «Неге «Отбасы» банк, ипотека тек қалада ғана жұмыс істейді?» деген мәселе көтерілді. Мұны ауылда, аудан орталықтарында неге жасамасқа? Конституция бойынша бәріміздің құқығымыз тең емес пе? Кешенді мәселелердің шешімін заң жобасына, үкіметтің қаулысына айналдыру керек.

– Айтылып жатқан осындай ұсыныстардың дені популизмге көбірек келіңкірей ме, қалай?

– Шынын айту керек, жер мәселесі болсын, басқа да мәселелер болсын, бізде популизм де, саясат та бар. Жұртқа ұнауды көздейтіндер аз емес. Әлеуметтік желілерде кейбір азаматтар билікті жау қылып көрсеткісі келеді. Ұйықтаса да, тұрса да жерді Қытайға сатқысы келетін субъекті ретінде көрсетуге тырысады. Мен білетін шенеуніктердің көбі – Қазақстанда туып, Қазақстанда өлетіндер. Ешкім қарабет болғысы келмейді. Ешкім тарихқа сұмырай болып жазылғысы келмейді.

Әрбір жақсылық үшін арпалысу керек, күресу керек. Күрестің ең тиімді жолы – заң. Әрине, бәрі бірден бола қоймас. Бірақ 70-80 пайызын іске асыра алсақ, үлкен жетістік болар еді.

Жер мәселесі – қазақтың бітіспес дауы емес. Халықты тым болмаса бір мәселеде ымыраға шақырып, болашақта жаңа бір экономикалық белес, серпін беретін факторға айналдыру ләзім. Осындай мүмкіндіктің шеті көрініп тұрған сияқты. Оны қалай пайдалана аламыз? Жалған популизммен ұпай жинаймыз ба, әлде жақсылыққа, прогресске жөн сілтейтін қадамдарға бара аламыз ба? Жауапкершілік – екі жақты.

 

Айталық, «қазаққа жерді жекеменшікке беру керек пе, жоқ па?» деген де мәселе бар. Халықтың басым көпшілігі жерді жекеменшікке беруге қарсы. Ал фермерлер мен шаруа қожалықтары бұған басқаша қарайды. Осы жерде кімнің сөзі өтімді болуы тиіс? Қалада жүрген қазақтың ба, әлде ауылда жер еміп, еңбек етіп жатқан қазақтың даусы қаттырақ шығуы керек пе?

Осының бәріне жер комиссиясы бір ұстанымды қалыптастыруы керек.

– Бізде қоғамды толғандырған түрлі заңдар қабылданды. Ғажап ойлар айтылып, пікірталас жүреді. Бірақ нәтижеге келгенде, парламенттің емес, үкіметтің үстемдігі, мысы басым екені анық аңғарылады. Өйткені, соның ғана дегені болады. Депутаттар айтудай айттық деп жинаған арзан ұпайын місе тұтады. Тәжірибеге қарасақ, «жер мәселесі де латифундистердің пайдасына ғана шешіліп жүрмей ме?» қауіптенуге болатын сияқты. Бұған не айтар едіңіз?

 Қоғам да, заман да өзгерді. Латифундистердің өздерінің лоббистері бар, мүмкіндіктері зор. Саясат қашанда үлкен топтардың соңынан жүреді. Бүгінде қоғамдық пікір айқын. Латифундистерге, олигархтарға деген көзқарас қалыптасып болған. Үкімет қалай болғанда да, көпшіліктің сөзін айтуға бейім болады. Көпшіліктің көңілінен шығатын қадамдар жасалып жатыр. Жасап та келген. Жасай да береді. Уақыт өткен сайын мұның саны көбейе береді.

Бізге ақырындап ашықтық мәдениеті келе жатыр.  Екінші мәселе – заңның іске асуы. Кезінде жер комитеті деген болатын. Әкімдіктен тыс. Қазір оны бөлетін де, қадағалайтын да, құнарын анықтайтын да әкімдер болып кетті. Бұл жер мәселесінің ушығуына алып келді. Сондықтан тәуелсіз жер агенттігі керек деген мәселені айтып жатырмыз. Үкімет мүшелерімен сөйлестік. Олар да кетәрі емес. Жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы орын алатын Қазақстан бойынша, 80 ғана инспектор бар екен. Оның қауқары қайда жетеді?

Ашық талқы болып жатыр. Ортақ мүдде, ымыра болса, кейбір азаматтар амбициясын тежесе, нәтижеге жетуге болады.

[:]