Атырау облысы, Махамбет ауданына қарасты, Таңдай ауылында тұратын биология-химия пәнінің мұғалімі нағашы ағасының мәйітін 7 ай бойы жасырып келген. 2021 жылдың қаңтар айында Сағынғали Ақберлиевтің мәйіті қорадан табылған. Мәйітті жасырды деп күдіктеліп отырған оның жиен қарындасы Аида Ақберлиеваны ауылдастары мектептен шеттетуді талап етіп отыр. Ал Аида Ақберліқызының өзі КТК арнасының “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

Күдіктінің жанында 34 жыл бойы бірге тұрған көршісі үйдің ауласынан өткен жылдың мамыр айынан бастап жағымсыз иіс шыққанын айтады. Алайда ол мәйіттің иісі болуы мүмкін деген ой Салтанат Рамазанованың үш ұықтаса, түсіне кірмеген. 

 

“34 жыл көрші болдым, ашу-аразым жоқ. Бірақ мынадай әрекеттеріне наразымын. Қыстан бастап ол кісі ауырды. Дәретханаға әзер барып жүрді, көрдім. Көктемде ол кісі жоқ. Мамыр-маусым-шілде айларында үйден жаман иіс шықты. Адам өлді деп ойлаған жоқпын, мал ма бірдеңе өлді деп ойладым. 

Өзімнің ағайындарым келгенде “өліктің иісі” деді. Мұрнымызды, көмекейімізді бітеді. Ұйықтай алмадық. Маусым айында келін алдық. Күн ыстық қой. Балаларыма базардан барып, клей алып келіңдер, дедім. Екі үйдің арасын бітеді. Содан кейін сырттан, фундаменттен иіс шығып, көк шыбын жүргізбеді”, – деді ол.

Ауылдастарының айтуынша, марқұм трактор айдайтын, жуас кісі болған. Үйленбеген, отбасы жоқ. Аида Ақберліқызы да тұрмыс құрмаған. 

Туысы (қарындасының келіні) Нұргүл Абдуллованың айтуынша, марқұм астма ауруымен ауырған. Сөзіне қарағанда, Аида Ақберліқызы өткен жылдың наурыз айынан бастап қисынға келмейтін әңгімелер айта бастаған. 82 жастағы қарияны біресе қарттар үйіне, біресе жалдамалы күтушіге бердім, деп алдаған. 

“Ақпан айында ауырып жатыр деп естідік. Астматик болатын. Шамамен наурыз айында “үйімді жөндеймін, біреуге ақшасын беріп, қалада бақтырып жатырмын” деді.

Барып көрейік дегенде, адресін айтпады. Күдіктендік. Біресе Қызылордаға, біресе қарттар үйіне апарып тастадым, деп қитұрқы нәрселер айта бастады.

Тамыз айында бардық. Үйден иісті сездік. Есік алдында верандада ол кісінің төсегі, ноутбугы, дәретханасы тұрды. Бірақ ар жағына кіргізген жоқ. Шай ішетін ас үйге ғана кіргізді. Сол кезде жабулы тұрған бөлменің алдында жусан жайылып жатыр екен. Соны бірден жинап, алып кетті. 
Иісті сезіп, күйеуім сыртқа шыққаннан кейін күдіктеніп: “Бұл нағашымды өлтіріп, арғы бөлмеге тығып тастаған”, деді. Біз оны полицияға айта алмадық, өйткені ондайға қимадық”, – дейді Нұргүл Абдуллова.

Нұргүлдің сөзіне қарағанда, қария мен қарындасының қарым-қатынасы онша жақсы болмаған. “Атам екеуі күнде қырылатын”, – деп еске алды ол.

Тергеу нәтижесі бойынша, Аида Ақберліқызының кінәсі дәлелденбеген. Ал Сағынғали Ақберлиев өз өлімімен өлді, деген қорытынды шыққан. Алайда марқұмның денесін сонша уақыт бойы ашық ауада не себепті ұстағаны белгісіз. Ал ауылдастары, қалай болғанда да, мәйітпен бірге өмір сүрген адам балаларымызға сабақ бермесін, деп үрейленіп отыр.

“Айта алмадым. Қимадым ба, білмеймін. Қаңтардың 19-20 күні айттым. Өзімнің қолымнан істеген соң, бәрібір менен көреді ғой. Мен істесем де, басқа біреу істесе де, менен көреді ғой деген ойда болдым. Облыстық ДП-ға барып, өзім мойындадым”, – деді Аида Ақберліқызы “Астарлы ақиқат” бағдарламасына берген сұхбатында.

Рубрика: