АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Адамтанымастай боянып алған»: Алматыда бүлдіршінді ұрламақ болған тәрбиеші 15 минуттан соң киімін шешіп қайта келген[:]

[:kz]

Алматыда балабақшадан 5 жастағы баланы ұрламақ болған күдікті ұсталды. Ол дәл сол балабақшаның қызметкері болып шықты. Қылмыс кезінде ол еңбек демалысында болған екен. Ал, арам ойы жүзеге аспаған әйел, еш қымсынбастан жұмыс орнына қайтып келіп, жағдайды сырттай бақылап жүріпті.

Қылмыс жасаған адамның сырттан емес тура өз араларынан шыққанына балабақша ұжымы әлі сене алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тапа-тал түсте келіп 5 жастағы баланыұрлап кетпек болған оқиға бүкіл алматылықтарды дүр сілкіндірген болатын. Ал, бейтаныс әйелге бүлдіршінді алып кетуге жол бермеген қырағы тәрбиеші, күдікті келіншектің өз әріптесі екенін тіпті білмей қалғанан айтады. Тек жүрісін ғана ұқсатыпты. Тыңғылықты дайындалып келгендіктен әріптестерінің өзі танымаған. 

«Келген уақытта сол күні, шляпамен келді бетін жауып келді. Ол кісі қара торы еді жұмыста боянбай жүретін сондай. Сол күні, ұрлайтын күні ол кісі боянып келді.  Беті аппақ болды. Қолына дейін бояп, салонда жасанып келген», — деді балабақша тәрбиешісі Айжан Бекен. 

Әлиханды ұрламақ болған келіншек бүлдіршіннің өзінің тәрбиешісі болып шықты. Қылмыс жасаған кезде еңбек демалысында жүрген екен. Ол арам ойы іске аспаған соң араға 15 минут салып балабақшаға қайта оралған. Бірақ көйлегі мен шляпасын шешіп, қысқа шалбар мен кеудешемен келіпті. Ал, Әлиханның ата-анасы камераның видеосын көре бастағанда бірден ізін суытыпты.

«Сенесіз бе, сізге ұқсайтын бір әйел келіп, сіздің группаңыздағы баланы ұрлап кете жаздады дедім. Ол кісі маған қарап таңғалып, актриса болды ғой. Актрисаның ролін ойнап, қойшы деді.  «Иә, Сізге ұқсайды деп едім: «Қойшы, жаман айтпашы» деді», — дейді тәрбиеші.

Мектепке дейінгі мекеме ұжымы күдіктінің өздерінде істейтін ең үлгілі тәрбиеші екенін естігенде төбелерінен жай түскендей болыпты. Ол осындай қадамға барады деген үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті деп отыр. Саягүл осы балабақшада бес жылдан астам уақыт жұмыс істепті. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүргенүлгілі тәрбиешілердің бірі болған екен. Еңбек өтіліне қарай өзге әріптестеріне қарағанда айлығы да жоғары болыпты. 

«2018 жылы «Медеу ауданының ең үздік тәрбиешісі» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған. Бақшада 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді, бойынан ерсі қылықтарды байқамадық. Ата-аналармен жақсы қарым-қатынаста болатын. Қаржылық қиындыққа тап болғанын біз ешқашан байқамадық. Үнемі ақшасы болатын. Ол осындай қадамға барды дегенді естіп әлі есімізді жия алмай отырмыз», — деді балабақшаның меңгерушісі міндетін атқарушы Эльмира Парпиева. 

Полицейлер күдіктінің ныспысын бірден анықтағандарын жеткізді. Пиғылын жүзеге асыра алмаған соң Алматы облысындағы ата анасының үйіне барып жасырыныпты. Сақшылар сезіктіні Кеген ауылына барып ұстап келіпті.

«Оның сөзіне сүйенетін болсақ, кішкентай баланы ұрлап, сол баланың, Әлиханның ата-анасынан ақша бопсаламақшы болған. Осылайша өзінің материалдық жағдайын жақсартпақшы болған. Негізі, сезікті қылмысты жасаған кезде өзінің бетін танымас үшін барынша әрекет жасаған», — деді қалалық полиция депатаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Егер күдіктінің қылмысы дәлелденетін болса, кәмелет жасына толмаған баланы ұрлауға әрекеттенгені үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. 
Stan.kz 

[:]