АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]21 мың теңге деп ағамнан айырылуым керек пе?[:]

[:kz]

Құрманғазы ауданы бойынша 1 сәуірден бүгінге дейін 367 отбасы 35 млн 432 мың теңге атаулы әлеуметтік көмекке ие болды. АӘК-ке өтініш беру әлі жалғасып жатыр. Дегенмен жағдайлары ауыр болса да, бұл көмекті ала алмаған отбасылар да бар екен. azh.kz тілшісі осындай екі отбасыға арнайы барып, жағдайларымен танысып қайтты.

«ҚАРТТАРЫМЫЗДАН БАС ТАРТАМЫЗ БА?»

Бұл – Приморье ауылында тұратын Қуаныш Ахметовтың отбасы. Бұл үйде Қуаныш жұбайы Люся Жұмашева екеуі бес баласымен және зейнеткер ата-анасымен бірге тұрады. Люся алтыншы баласына аяғы ауыр.

— Айналғанда кемпіріміз екеуміз балаларға масыл болғандаймыз. Жолдасым Рыстының инсульт алып, төсекке таңылғанына 15 жыл болды, емдетуге біраз жерге апардық. Еш көмегі болмады, жолдасым ақыры аяғынан тұрып кете алмады, бірақ үмітімізді жойып отырған жоқпыз, — дейді Қуаныштың әкесі Хайдар АХМЕТОВ.

— Екеуміздің зейнетақымызды қосқанда алатынымыз 140 мың теңге. Қайда жұмсайтынымызды есептеп көрелік. Ай сайын дәрі-дәрмекке 35-40 мың теңге жұмсаймыз, мұның сыртында күнделікті жөргектері тағы бар. Бұл жерде өзімнің сырқатымды, емделуімді айтып отырғанымыз жоқ. Қалған ақшаға коммуналдық төлем, азық-түлік және бар. Біз басқа қажеттіліктерді мүлдем ұмыттық десек те болады. Сол кемпіріміз екеуміздің зейнетақымыз табыс болып есептеліп, балалар атаулы әлеуметтік көмектен қағылып отыр. Зейнеткерлердің зейнетақысын бірге тұратын балаларымыздың табысына қосуы негізсіз емес пе?

 

Баспаналары да әбден ескіріп тозған, шатыры жарылып, жаңбырда үйге су ағады екен. Оны жөндейтін жағдайлары да жоқ. Отбасындағы ауыр жағдайды жергілікті әкімшілік білсе де, қолдан келер қайран жоқ. Себебі үкімет бекіткен заң шеңберінен аса алмайды. 

 

 

— Екі жастағы сиыр да үйдің ішкі табысы болып есептеледі екен. Бізде алты осындай сиырымыз бар. Оның шөбі, жемі, суына ата-енемнің зейнетақысын жұмсаймыз немесе бір-екі сиырды сатып, соның ақшасына мал азығын аламыз, — дейді Люся. — Билік осы алты сиырдан айына 96 мың теңге, ал үш айда 300 мың теңге табыс табады деп есептеп қойыпты. Біз сондай көл-көсір табыс тауып отырсақ, ешкімнен де ештеңе сұрамас едік. Қазір екі сиырды сауып отырмын, жыл сайын сол. Қайдағы табыс, бір тиын түсіре алмаймыз, сүті бала-шағадан артылмайды. Өзім баламен үйдемін. Жолдасым Қуаныш балабақшада оператор болып жұмыс істейді, алатыны 50 мың теңге, онда да алты ай жұмыс жасап, алты ай бос жатады.

Балалар әлі кішкентай, алды мектеп жасында болса, кенжесі жеті айлық. Қуаныш ауылда өзі сияқты жұмыссыздар көп екенін айтып өтті.

— Қанша жетпестік болса да, әке-шешемді қуаты кетіп қартайғанда тастап кетер жайым жоқ. Қиындықты бірге көреміз. Барын бөліп жейміз,- дейді ол.

 

 

«ӨЗ БАУЫРЫМДЫ ҚАЛАЙ ӨЗЕКТЕН ТЕБЕМІН»  

 

Көптоғай ауылы тұрғындары Рүстем мен Жұпар  отбасында бес бала тәрбиеленіп жатыр. Кішкентай екеуі балабақшада болса, ал қалған үшеуі мектепте оқиды. Балаларды киіммен, оқу-құралдарымен мектеп әкімшілігі қайырымдылықпен қамтамасыз етеді.

— Жолдасым жұмыссыз. Бізде ақылы қоғамдық жұмысқа  тұру да оңай емес. Өткен жылы да, биыл да айқаймен үш айға ақылы қоғамдық жұмысқа қабылдандым. Маусымның аяғында ол бітеді, сонда жылдың тоғыз айында жұмыссыз болады екенмін. Ақылы қоғамдық жұмыстың табысы ай сайын 38 мың теңге ғана. Ол балалардың балабақшасын, коммуналдық төлемдерге, басқа да үй қажеттіліктерінен аспайды, — дейді Жұпар ӘБДІҒАЛИЕВА. — Малымыз жоқ. Бірақ атаулы көмекке ілікпей қалдық. Себебі, үй кітапшасында қайын ағам мен оның баласының тіркеуде тұрғаны. Қайынағамның табысын есептеп, сендерге тиісті емес дейді. Ал қайынағам аудан орталығы Құрманғазыда отбасымен пәтер жалдап жүр. Менің түсінбейтінім, қайынағамның еңбекақысын біз алмаймыз. Оның өз отбасы бар, бізден бөлек. Мен бүгінде алтыншы сәбиімді күтіп отырмын.

 

— Аштан өлмеспіз, бірақ үйсіз жүрген ағамды есептен қалай шығарамын. Сонда бұл туысты айыратын заң болғаны ма?- дейді Рүстем.

 

Құрманғазы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Базарбай ӨТЕУЛИЕВ:

— Атаулы әлеуметтік көмекке жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке отбасылар ие бола алады. Алайда аудандағы көпшілік отбасында зейнеткер қарттары бар немесе малы нормативтен асып кетеді. Кейбір отбасылар үй құжаттарына салғырт қарағандығынан уақытында ілікпей жатыр. Айта кету керек, АӘК алу үшін өтініш қабылдау жыл бойы жүре береді.

 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттерді түсірген автор

 

 

[:]