Алматы қаласында далада қалған отбасы көмекке зәру болып отыр. Бір күн бұрын үйлерінде газ баллоны жарылып, ішіндегі дүниенің барлығын жарамсыз қылған. Бала-шағасымен баспанасыз қалған әйел барар жер, басар тауының жоқ екенін айтады. Өйткені, өртенген үй – 13 жылдан бері жалға алып келген пәтер. Ал атқамінерлер бұл жағдайдан хабарсыз екенін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме арнап. 

«Балаларымның киімдері, мектеп оқулықтары, қыстық күртешелер – бәрі өртеніп кетті. 2 жастағы балам, тіпті, шалбарсыз қалды. Үстіне киіп жүргенімен қалды», – дейді Альмира Күзеубаева. 

Келіншек кешегі күнді қорқынышпен еске алады. Түс ауа шырт ұйқыда жатқан ол күйеуінің айқайлағанынан ояныпты. Жалғыз баспанасы отқа оранып, қою қара түтінді көргенде абдырап қалғанын айтады. 

«Мына жердің бәрі от болып жанып жатты. Ана жерде есікте жамылғы ілініп тұрған. Сол жамылғы ағып жатыр. Бәрі ағып жатыр екен. Бірдеңе атылды. Не атылғанын білмеймін. Газ баллоны жарылды дейді. Балалармен баратын жер жоқ. Қонатын жер жоқ. Ешқайда бара алмайсың», – дейді ол. 

Бұл отбасының басына түскен алғашқы қиындық емес. Өздері қалада тұрса да, еш жерде тіркеуде жоқ. Жары да жұмыссыз. 2 баласын пәтер қожайындарының үйіне тіркеуге тұрғызып, әзер мектепке берген көрінеді. Альмираның өзі туғанынан мүгедек. Ал, енді өрттің кесірінен басындағы баспанасынан айырылып, далада күнелтуге мәжбүр.  

Отбасыда жалдап тұрған пәтерлерін қалпына келтіретін шама жоқ. Альмираның өзі осыған дейін мешітке барып, мейірімді жандардың арқасында жан баққан екен. Ал, соңғы жағдайдан кейін атқамінерлер көпбалалы отбасыға қолдан келер көмекті көрсететінін айтты. 

«Көпбалалы отбасыға қонақ үй мәселесіне көмек береміз деп айтқанбыз. Альмира Игілікова ондай көмектің қазір керегі жоқ, көршімнің үйінде тұрамын деген. Сондықтан қазір балаларын мектепке дайындауға көмек береміз», – деді Жетісу ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Ерлан Дауов. 

Әзірге жаңа пәтердің беріліп, берілмейтіні белгісіз. Сондай-ақ, отбасы мейірімді жандар мүмкіндігінше қол созса екен дейді. 

Рубрика: