Sorry, this entry is only available in Казахский For the sake of viewer convenience, the content is shown below in the alternative language. You may click the link to switch the active language.

Бойжеткен теңін тауып, келісімін беріп жүрек қалауымен кетіп жатса, әрине, қуаныш. Алайда бағын еркінен тыс бөтен босағаға байлағандар қаншама?! Осы бір үрдістің ескіргенін қанша айтып, жазып жүрсек те тоқтар емес. «Пендеміз ғой» бағдарламасының кейіпкері алып қашудың құрбаны болып, тұтқында өмір сүрудің азаптарымен бөлісті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қанша уақыт өтсе де, немере, шөбере сүйіп отырған әжелеріміздің өзінің қыз кезіндегі қалауы, бала арманы бар. 40 жыл өтсе де өкпесі басылмаған Айгүл апамыз өз оқиғасын баян етті. 

 

“Осыдан 40 жыл бұрын мені жолдасым алып қашты. Мені туған күнге барамыз деп әкелген еді. Мен ешнәрсе білген жоқпын. Амантайды тіпті дұрыс танымайтын да едім. Өзімнің кездесіп жүрген жігітім болған. Оны жақсы көретінмін. Ол да мені жақсы көретін. Мені алып қашып келгенін айтты, мен жылай бастадым. Көнбедім. Жақсы көрмейтінімді айттым. Ол кезде жаспын. 20 жастамын. “Егер енді кетсең, босағаны аттасаң, ешкім алмайды деді. Әкеңе сөз келтіресің деді. Бұл қазақтың салты. Тағдырың солай” деп көндірді. Мен жастықпын олардың тілін алдым. Шынында да, мені ешкім алмайтын болды деп ойладым. Әкеме сөз келмесін дедім. Солай келін болып қалдым”, – дейді Айгүл ана. 

Айтуынша, келін болған күннен кейін оның азапты өмірі басталған. Күйеуі әр адамнан қызғанып, таяқтың астына алатын еді. Тіпті қайын інілерінен қызғанып, қол жұмсайтын болған. 

“Атам шынында жақсы кісі болды. Мені қорғайтын. Ұлына ұрсатын. Енем адуынды кісі еді. “Бәріміз байымыздан таяқ жедік” деп мені қорғамайтын. Жолдасым тойға барсақ та қызғанады, қайын інілерімнен де қызғанады. “Неге оның шалбарын үтіктедің?” деп те қызғанатын. Мені қатты жақсы көрді. Бірақ менің көңілім жылыған емес. Ешқашан оған көңілім болмады. Жалаңаяқ қыстыгүні қардың үстіне тұрғызып қойған күні болды. Бір күні әкем жолдасымды ұрып, мені қайтып оған жібермей қойды. Солай мен ұлымды өзім асыраймын деп шештім. Тұрмыс құрған жоқпын. Ұлым 1 жаста еді. Ұлым өгейлікті сезбесін дедім. Қаншама азамат кездесті. Мен ұлымның тағдырын ойладым”, – деді ана. 

Алып қашудың құрбаны болған Айгүл ана жас қыздарға кеңесін айтты. Адам өмірі ойнайтын нәрсе емес, өз құқығыңды таптатпа дейді ол. 

“Мен әлі күнге дейін келін болуға келіскеніме өкінемін. Мен бақытты болған жоқпын. Мүмкін тағдырым солай шығар. Мен жолдасымды жақсы көрген жоқпын. Мен бақытты болып кете алмадым. Махаббатсыз, құрметсіз тұрмыс құруға болмайды. Адамды жақсы көріп кету мүмкін емес. Алып қашып, бақытты болдым дегеннің бәрі өтірік. Қыздарға айтарым, қалмаңдар. Өз өмірлеріңді құртпаңдар. Одан ешнәрсе өзгермейді. Босаға аттасаң жаман атанбайсың. Бәрі жақсы болады”, – деді көзіне жас ала. 

Рубрика: